625

«Өлтіріп, көміп кеткен»: 29 жастағы азаматтың өлімі тергеліп жатыр

Жұмысқа кеткен азамат бірнеше күннен кейін демалыс аймағының маңынан өлі табылды.

«Өлтіріп, көміп кеткен»: 29 жастағы азаматтың өлімі тергеліп жатыр
t.me/kriminal_kazakhstan

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында жұмысқа шығып, қайта оралмаған 29 жастағы ер адамның өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Марқұмның денесі бірнеше күндік іздеуден кейін Ұйғыр ауданындағы демалыс орындарының бірінің маңынан табылған.

«Криминальный Казахстан» Telegram-арнасының мәліметінше, қайғылы оқиға демалыс базаларының бірінде болған. Туыстарының айтуынша, ер адам 23 мамыр күні жұмысқа кетіп, содан кейін байланысқа шықпаған. Оны әріптестері соққыға жыққан деген күдік бар.

Алматы облыстық полиция департаменті бұл деректі растады. Ведомствоның хабарлауынша, 27 мамырда Ұйғыр аудандық полициясына әйел адам 29 жастағы ұлының жоғалғаны туралы арыз түсірген.

«Азамат жұмыс орнына кеткеннен кейін байланысқа шықпаған. Дереу іздестіру және жедел-тергеу шаралары ұйымдастырылды. Нәтижесінде жоғалған ер адамның мәйіті жұмыс орнына жақын орналасқан демалыс аймағы маңынан табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, спирттік ішімдік ішкеннен кейін ер адам мен оның әріптестері арасында жанжал туындап, жәбірленушіге дене жарақаттары салынған», – деп хабарлады полиция.

Аталған факті бойынша адам өлтіру және қылмысты жасыру баптарымен қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі уақытта екі күдікті қамауға алынған.

Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған процессуалдық әрекеттер жүргізіп жатыр. Ал оқиға кезінде сол жерде болған үшінші азаматқа қатысты шешім тергеу нәтижесіне қарай қабылданады.  

Материал авторы