628

Астанада LRT маңында дрифт жасаған BMW жүргізушісі қамалды

BMW-мен шоу жасаған астаналық жүргізуші әкімшілік қамауға түсті

Астанада LRT маңында дрифт жасаған BMW жүргізушісі қамалды
Бейнежазбадан

Астанада BMW көлігінің жүргізушісі LRT желісі маңында қауіпті дрифт жасап, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ол 10 тәулікке қамауға алынып, автокөлігі коммуналдық тұраққа қойылды.

Елордалық полиция департаментінің мәліметінше, 29 жастағы жүргізуші көлікті әдейі басқарудан шығарып, айналма траекториямен қозғалған. Ол дрифт элементтерін орындау арқылы автотұрақтағы өзге көліктер мен азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндірген.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, оның әрекеті салдарынан жол жабыны бүлініп, ластанған.

Оқиғаға байланысты құқық бұзушыға бірнеше әкімшілік хаттама толтырылған. Атап айтқанда, қауіпті маневр жасау, көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу, жол инфрақұрылымына залал келтіру және ұсақ бұзақылық бойынша жауапкершілік қарастырылған.

Сот шешімімен жүргізуші 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ал BMW арнайы коммуналдық тұраққа жеткізілді.

Полиция агрессивті жүргізу мәнері мен жол қозғалысы ережелерін әдейі елемеу азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретінін ескертті.

Ведомство мұндай құқық бұзушылықтарға қатаң шара қолданылатынын және кінәлілердің міндетті түрде жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

Материал авторы