497

Найзағай, бұршақ, аптап ыстық: ел өңірлеріне ауа райына байланысты ескерту жасалды

Бірқатар облыста қатты жаңбыр, бұршақ және екпінді жел тұрғындарға қауіп төндіруі мүмкін.

Найзағай, бұршақ, аптап ыстық: ел өңірлеріне ауа райына байланысты ескерту жасалды
pexels.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Қазгидромет» 2 маусымға арналған дауылды ескертуді жариялады. Синоптиктердің болжамынша, елдің көптеген өңірінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ түсіп, жел күшейеді. Сонымен қатар бірнеше облыста аптап ыстық пен жоғары өрт қаупі сақталады.

Атырау облысында күн бойы жаңбыр мен найзағай күтіледі. Облыстың шығыс бөлігінде кей уақытта нөсер жауып, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін. Бұған қоса, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Қостанай облыстарымен бірге өңірде бірнеше күнге созылатын мол жауын-шашын болжанып отыр.

Маңғыстау облысының батысы, солтүстігі және орталығында жаңбыр, найзағай мен бұршақ күтіледі. Ақтауда да ауа райы құбылмалы болады.

Батыс Қазақстан облысында найзағаймен қатар бұршақ түсіп, дауыл соғуы ықтимал. Кей аудандарда желдің екпіні 20 м/с-қа дейін күшейеді.

Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңбыр, найзағай, бұршақ және тұман болжанып отыр. Кей жерлерде қатты жаңбыр жаууы мүмкін.

Алматы облысында өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Сонымен қатар өңірде 35-36 градусқа дейін аптап ыстық сақталады. Алматы қаласында күндіз найзағай ойнап, жел күшейеді.

Абай, Жетісу, Қарағанды және Жамбыл облыстарында да найзағайлы жаңбыр болжануда. Кей өңірлерде ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріледі.

Қызылорда, Жетісу, Қарағанды және Түркістан облыстарында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр. Синоптиктер тұрғындарды сақ болуға шақырады.

Астанада 2 маусымға қараған түні жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Таңертең тұман түсуі мүмкін.

Мамандар ауа райының күрт өзгеруіне байланысты тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтап, дауылды ескертулерді назардан тыс қалдырмауға кеңес береді. 

Материал авторы