«Балама көңіл бөлмедің»: Қарағандыда ата-аналар мен аниматорға қоқан-лоқы көрсеткен
Аниматор өзін қорлап қана қоймай, әлеуметтік желі арқылы қысым көрсеткенін мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыда Балаларды қорғау күніне арналған тегін мерекелік шара кезінде 17 жастағы аниматор бірнеше ересек әйелдің агрессиясына тап болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, оқиғадан кейін әлеуметтік желілер арқылы да қысым мен қоқан-лоқы жалғасқан.
Жасөспірім қыз бұл жағдай туралы Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, 1 маусым күні балаларға арналған тегін анимациялық бағдарламада жұмыс істеген. Міндеттерінің бірі – қатысушыларды таныстырып, ойындар мен байқаулар өткізу болған.
Қыздың сөзінше, шара басталған кезде балалардың аты-жөні мен жасын микрофон арқылы таныстыру рәсімі өткен. Алайда бір отбасы бағдарлама басталып кеткеннен кейін келген.
Сол кезде ата-аналар баласын жеке таныстыру үшін бағдарламаны тоқтатып, микрофон арқылы қайта жариялауды талап еткен.
«Мен жүргізушінің сөзін бөліп, бағдарламаны тоқтата алмайтынымды түсіндірдім. Баланың аты-жөні мен жасын жеке сұрадым. Бірақ ата-анасы мұны жеткіліксіз деп, міндетті түрде микрофонмен жариялауды талап етті», – дейді ол.
Біраз уақыттан кейін дау қайта өршіген. Сол сәтте аниматор әріптесі қажетті құрал-жабдық алып келуге кеткендіктен, бағдарламаны жалғыз жүргізіп тұрғанын айтады.
Оның сөзінше, әлгі отбасының баласы ойынға қатысушылардың арасында болған. Қыз ойын ережесін барлық балаға бірдей түсіндіргенімен, ата-аналар оны тек өз баласына жеке түсіндіруді талап еткен.
«Мен барлық қатысушы үшін жұмыс істеп жатқанымды және ойынды тоқтата алмайтынымды айттым. Осыдан кейін мені сөзден бөліп, қорлап, балаларына көңіл бөлмеді деп айыптай бастады», – дейді аниматор.
Қыздың айтуынша, жағдай мұнымен аяқталмаған. Ол өзін түсіріп алғанын және әлеуметтік желілерде масқаралаймыз деп қорқытқанын жеткізді.
«Маған «Сен менің кім екенімді білмейсің», «Менің бес мың жазылушым бар», «Сені масқаралаймын» деген сөздер айтылды. Сол кезде ересек адамдардың балалар мерекесінде жұмыс істеп жүрген жасөспіріммен неге бұлай сөйлейтінін түсіне алмадым», – деп жазды ол.
Кейін қыз кешірім сұраудың орнына әлі де қоқан-лоқы көріп жатқанын мәлімдеген.
Бұл жазба әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Көпшілік жас аниматорды қолдап, ересектердің кәмелетке толмаған қызметкерге қысым көрсетуі орынсыз екенін атап өтті.
Материал авторы