452

Тоқаев: Alatau City Қазақстандағы алғашқы толық цифрлық қалаға айналады

Қаланың 30 жылдан кейінгі келбетін айқындайтын стратегиялық құжаттар биыл қабылдануы тиіс.

Тоқаев: Alatau City Қазақстандағы алғашқы толық цифрлық қалаға айналады
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөйлеп, болашақ мегажобаның негізгі басымдықтарын атады. Мемлекет басшысының айтуынша, Alatau City инфрақұрылым, қалалық қызметтер мен экономикалық жүйелер толық ықпалдастырылған Қазақстандағы алғашқы цифрлық қала болуы тиіс.

Президент ең алдымен қаланы дамытудың орнықты қаржы-экономикалық моделін қалыптастыру қажет екенін айтты. Оның сөзінше, жобаны жүзеге асыру едәуір қаржы мен операциялық шығындарды талап етеді. Сондықтан ұзақ мерзімге арналған тұрақты табыс көздерін айқындау маңызды.

Тоқаев қазіргі қаржылық-экономикалық модель болашақтағы шығындарды толық жаба алмау қаупін де жоққа шығармады. Оның пікірінше, инвестиция тарту мен бизнесті дамыту маңызды болғанымен, олар кепілдендірілген кіріс көзі саналмайды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жобаның бастапқы кезеңінде берілетін жеңілдіктер салық түсімдерінің азаюына әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде қаланы дамыту мен күтіп ұстауға қажетті қаражаттың уақытында түспеу қаупін туғызады.

Осыған байланысты Президент Алатауды дамыту жөніндегі кеңес пен қала әкімдігіне ұзақмерзімді әрі тиімді қаржы-экономикалық модель әзірлеуді тапсырды. Сонымен бірге қаланың болашақ дамуына негіз болатын стратегиялық құжаттар бекітілуі қажет екенін айтты.

«Инвесторлар, серіктестер және азаматтар Алатау қаласының 10, 20 немесе 30 жылдан кейін қандай болатынын нақты түсінуі керек», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Alatau City үлкен деректерді өңдеу жүйелері, озық технологиялар мен «ақылды» басқару құралдарына сүйенетін толыққанды цифрлық қалаға айналады.

Тоқаев келесі жылдан бастап қаланы белсенді дамыту жұмыстарына кірісу үшін биылдың соңына дейін барлық негізгі стратегиялық құжаттарды қабылдауды тапсырды. Олардың қатарында Ұзақмерзімді жоспар, Бас жоспар және Даму стратегиясы бар.

Президент мұндай ауқымды әрі ұзақмерзімді жобаларды жүзеге асыру кезінде жұмысты уақыт оздырмай бастау шешуші мәнге ие екенін атап өтті.

«Егер созбалаңға салсақ, жобаның тоқырауға ұшырау қаупі бар», – деді Мемлекет басшысы.

Материал авторы