621

«Грузиядан көлік әкелеміз»: Таразда ерлі-зайыпты туысын 20 мың долларға алдап кеткен

Таразда туыстар арасындағы үлкен сомаға қатысты дау сотқа жетті.

«Грузиядан көлік әкелеміз»: Таразда ерлі-зайыпты туысын 20 мың долларға алдап кеткен
ЖИ / SMARTNEWS.KZ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Тараз қаласында туыстар арасындағы ірі қаржылық дау сот тәртібімен қаралып, тараптардың өзара келісімге келуімен аяқталды. Қала тұрғыны әпкесі мен жездесіне сеніп тапсырған 20 мың АҚШ долларының қайтарылмағанына байланысты сотқа жүгінген.

Тараз қалалық сотының мәліметінше, азаматша М. өз әпкесі мен жездесіне қатысты берешек қаражатты өндіру туралы талап арыз берген. Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдың мамыр айында жауапкерлер талапкер мен оның жұбайын 20 мың АҚШ долларын беруге көндірген. Олар бұл қаражатты Грузиядан автокөлік сатып алып, кейін қайта сатып пайда табу мақсатында пайдаланатынын айтқан. Ал табысты тұрғын үй алуға жұмсау жоспарланған.

Алайда талапкердің айтуынша, ақша берілгеннен кейін туыстар өз міндеттемелерін орындамаған. Қаражат қайтарылмай, жауапкерлер байланысқа шықпай қойған.

Талап арызда талапкер негізсіз баю сомасын өндіруді, сот шығындарын өтеуді және жауапкерлердің мүлкі мен банк шоттарына тыйым салуды сұраған. Дегенмен сот шешімі шығарылғанға дейін тараптар медиация тәртібімен келісімге келген.

Соттың мәліметінше, тараптар дауды бейбіт жолмен реттеу туралы келісім жасап, оны бекітуге ұсынған. Келісім шарттарына сәйкес, жауапкерлер талапкерге 19 250 АҚШ долларын төлеуге міндеттелді.

Келісімге қол жеткізілгеннен кейін талапкер өз талап арызынан бас тартқан. Қаражат Қазақстан Ұлттық банкінің ресми бағамы бойынша теңгемен төленіп, 8,9 миллион теңгеден асады. Сонымен қатар талапкерге төленген мемлекеттік баж толық қайтарылған.

Сот тараптарға келісім шарттары ерікті түрде орындалмаған жағдайда, құжаттың мәжбүрлі түрде орындалатынын түсіндірген.

Сот ұйғарымы заңды күшіне енген. Қазіргі уақытта жауапкерлер талапкерге 10 мың АҚШ долларын төлеген.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор