Интим видеосы тарап кеткен Хан Тамада қамауға алынды
Куәгер сот отырысында жәбірленушінің берген айғақтарын толық растады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда шоумен, «Хан Тамада» лақап атымен танылған Қасым Өтешев 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Тиісті шешімді Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты шығарды.
Сот материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 13 мамырда полиция басқармасы Өтешевке қатысты 30 тәулікке қорғау нұсқамасын енгізген. Оған азаматтық некедегі жұбайының еркінен тыс онымен кездесуге, телефон соғуға, үйіне баруға және кез келген байланыс орнатуға тыйым салынған.
Алайда 21 мамыр күні Ақтау қаласының 15-шағынауданындағы пәтерде тұрмыстық жанжал болған. Жәбірленуші азаматтық күйеуінің өзіне бейәдеп сөздер айтып, қорлағанын, бұл жағдай оның құрбысының көзінше болғанын мәлімдеген. Бұл деректерді сот отырысында куәгер де растаған.
Қасым Өтешев сотта өз кінәсін мойындамаған. Оның айтуынша, жанжал екінші тараптың айқайлап, полиция шақырамын деп қорқытуынан басталған, ал өзі заңсыз әрекет жасамаған.
Сот жәбірленушінің арызы, хаттамалар және куәгер айғақтары негізінде оның кінәсін дәлелді деп таныды. Іс ӘҚБтК-нің 461-бабы 1-бөлігі бойынша қаралған.
Қамау мерзімі 2026 жылғы 22 мамырдан бастап есептеледі, 21 мамырдағы ұсталу уақыты да есепке алынған. Сот қаулысы 2 маусымда заңды күшіне енді.
Айта кетейік, бұған дейін бұл жұпқа қатысты әлеуметтік желіде жеке бейнежазба тарап, қоғамда резонанс тудырған еді. Кейін ерлі-зайыптылар бұл файлдың жабық сақтауда болғанын және бөгде адамның таратуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Материал авторы