Бүгін бірқатар өңірде жаңбыр, бұршақ пен аптап ыстық күтіледі
Қазақстанның бірнеше өңіріне дауылды ескерту жарияланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Қазгидромет» 2-3 маусым күндеріне арналған дауылды ескертулерді жариялады. Синоптиктердің болжамынша, елдің бірқатар өңірінде жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл және екпінді жел күтіледі. Сонымен қатар кей облыстарда аптап ыстық пен жоғары өрт қаупі сақталады.
3 маусымда Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Ұлытау облыстарының бірқатар аудандарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, дауыл соғуы мүмкін. Желдің жылдамдығы секундына 15-25 метрге дейін жетеді.
Алматы, Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай болжанып отыр. Алматы облысының таулы аймақтарында кей уақытта қатты жаңбыр жаууы ықтимал.
Синоптиктер Жетісу облысында күндіз ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтерілетінін хабарлады. Ұлытау облысында 35-36 градус, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында 30-35 градус аралығында қатты ыстық сақталады. Алматы облысының солтүстігінде де 36 градусқа дейін аптап ыстық күтіледі.
Қызылорда облысында жаңбыр мен найзағайдан бөлек шаңды дауыл болуы мүмкін. Ал Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарында негізінен жел күшейіп, кей аудандарда өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Қазгидромет мәліметінше, Абай, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және басқа да бірқатар өңірлерде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр.
Мамандар тұрғындарды ауа райының қолайсыз құбылыстары кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға, ал жүргізушілерді жолда барынша мұқият болуға шақырды.
Материал авторы