«Басымды иемін»: басы дауға алған Мөлдір Әуелбекова алғаш рет үн қатты
Әнші мен продюсер арасындағы жанжал «КешYOU» тобының мерейтойлық концерті қарсаңында басталған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мөлдір Әуелбекова продюсер Баян Алагөзовамен арадағы жария жанжалдан кейін алғаш рет көпшілікке үн қатты.
Әнші қазіргі уақытта Қазақстанның түрлі өңірлерін аралап, гастрольдік сапар өткізіп жүр. Оның айтуынша, көрермендердің ыстық ықыласы мен қолдауы соңғы оқиғаларға басқаша көзқараспен қарауына әсер еткен.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында әсерлі жазба жариялап, қазақ халқының кеңпейілдігіне тоқталды.
«Қазақтың пейіліндей пейіл жоқ шығар, сірә. Қазақтың ұлылығы байлығында емес, жүрегінің кеңдігінде.
Сол кең пейілдің арқасында барлық өнер адамы шалқып өмір сүріп жүр. Өйткені қазақ халқы өнерді де, өнер иесін де әрдайым төбесіне көтерген.
Осындай кең жүректі, мейірімді, жомарт халқым барда біз әрдайым баймыз.
Бар жақсылығын үнсіз жасайтын халқымның алдында басымды иемін.
Сіздерге ән арнаудан ешқашан жалықпаймын. Шіркін-ай, кең пейіл жұртым-ай. Рақмет саған, халқым», – деп жазды әнші.
Айта кетейік, Мөлдір Әуелбекова мен Баян Алагөзова арасындағы келіспеушілік биыл сәуір айында өршіген болатын. Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында КешYOU тобының мерейтойлық концертіне қатыспайтынын мәлімдеген.
Одан кейін өнер иесі тыңдармандарын өзінің шығармашылық жолындағы 22 жылдығына арналған жеке концертіне шақырған еді.
Бұл мәлімдемеге Баян Алагөзова қатаң реакция білдіріп, экс-солистің әрекетін сынға алған болатын. Продюсер өз жазбасында бұдан былай үнсіз қалмайтынын айтып, Мөлдір Әуелбековаға қатысты өткір пікір білдірген еді.
Алайда соңғы жазбасында әнші дауға қайта оралмай, өзіне қолдау көрсеткен көрермендерге алғыс айтумен шектелді.
Материал авторы