631

ҰҚК Қостанай қалалық білім бөлімінің басшысын ұстады

Тергеу мәліметінше, мектептерге бөлінген бюджет қаражаты топ болып жымқырылған болуы мүмкін.

ҰҚК Қостанай қалалық білім бөлімінің басшысын ұстады
gov.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанай облысында мектептерге бөлінген бюджет қаражатының жымқырылуына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Іс аясында Қостанай қалалық әкімдігі білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева ұсталды. Бұл туралы Қостанай облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта Қостанай қаласы әкімдігі білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу нұсқасы бойынша, бюджет қаражатын жымқыру әрекеті бір топ адамның қатысуымен жасалған болуы мүмкін.

1 маусым күні қылмыстық іс шеңберінде бірқатар тергеу амалдары өткізілді. Атап айтқанда, күдікке ілінген тұлғалардың жұмыс орындары мен тұрғылықты мекенжайларында тінту жүргізілген.

Сол күні Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі бойынша көзделген құқық бұзушылыққа қатысы бар деген күдікпен Қостанай қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева ұсталған.

ҰҚК департаменті тергеу жұмыстарының жалғасып жатқанын мәлімдеді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Іс бойынша түпкілікті құқықтық бағаны тергеу аяқталғаннан кейін құзырлы органдар береді. Кінәсіздік презумпциясына сәйкес, күдікті адамның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі.

Материал авторы