Қарағанды облысында бір күнде екі бала терезеден құлап кетті
Терезеден құлаған екі баланың бірі ауыр жағдайда жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысында бір күннің ішінде екі кішкентай бала көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен құлап, ауруханаға түсті.
2 маусым күні алғашқы оқиға Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданындағы 14-шағынауданда болған. Ересектердің қарауынсыз қалған 2025 жылы туған сәби бес қабатты үйдің екінші қабатындағы пәтер терезесінен құлап кеткен. Бала түрлі жарақат алып, облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді.
Осыған ұқсас жағдай Теміртауда да тіркелді. 4а шағынауданындағы бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатынан 2022 жылы туған ұл бала құлап кеткен. Зардап шеккен бүлдіршін көптеген дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды.
Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Қарағандыдағы баланың жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Ал Теміртаудағы бүлдіршіннің жағдайы ауыр.
Мамандардың айтуынша, жылы мезгіл басталғалы балалардың терезеден құлау оқиғалары қайта жиілеген. Биылғы жылдың басынан бері Қарағанды облысында осындай 13 жағдай тіркелген.
Құтқарушылар ата-аналарға масаға қарсы торлардың бала салмағын ұстап тұра алмайтынын тағы бір мәрте ескертті. Мамандар ашық терезелерді қараусыз қалдырмауға, сондай-ақ арнайы бекіткіштер мен шектеу құрылғыларын пайдалануға шақырады.
Материал авторы