Украинадағы соғысқа қатысқан 67 жастағы шымкенттік сотталды
Ресей армиясымен келісімшартқа отырған ер адамға үкім шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Украина аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысқан 67 жастағы Қазақстан азаматына қатысты үкім шығарды. Бұл туралы hronika.kz басылымы жазды.
Сот материалдарына сәйкес, Марат К. 2023 жылдың наурыз айында жұмыс іздеп Ресейге кеткен. Алайда уақыт өте келе тұрақты табыс табу қиындап, ірі компаниялар оны шетел азаматы әрі жасы үлкен болғандықтан жұмысқа алудан бас тартқан. Күнкөріс көзі қалмаған азамат 2024 жылдың ақпанында жүк көлігінің жүргізушілерін қабылдау туралы интернеттегі хабарландыруға жауап берген.
Әңгімелесу барысында жұмыс беруші Ресей Қорғаныс министрлігі екені белгілі болған. Түмендегі әскери комиссариатта оған жоғары жалақы мен Ресей азаматтығын алуға қолдау көрсетілетіні айтылған. Сол күні қазақстандық бір жылдық әскери қызмет туралы келісімшартқа қол қойған.
Тергеу мәліметінше, Омбы қаласында дайындықтан өткеннен кейін оған қатардағы жауынгер атағы беріліп, нысанашы қызметі жүктелген.
Айыптау актісінде көрсетілгендей, 2024 жылдың 20 наурызы мен 20 тамызы аралығында сотталушы Украинаның Запорожье облысындағы қарулы қақтығыс аймағында болған. Ол әскери басшылықтың тапсырмасы бойынша Мелитополь маңындағы әскери бөлімдерге азық-түлік пен материалдық-техникалық жабдықтарды тасымалдаумен айналысқан.
2024 жылдың қазанында жас шегіне байланысты әскери қызметке жарамсыз деп танылып, демобилизацияланған. Кейін Ресей азаматтығын алған. Ал 2026 жылдың наурызында Қазақстанға оралған соң оны Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері ұстаған.
Сот барысында Марат К. өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді. Оның айтуынша, бұл қадамға жұмыссыздық пен материалдық қиындықтар итермелеген.
«Қызмет барысында тек КамАЗ жүргізушісі болып жұмыс істедім. Біз дала жағдайында орналастық, жерасты асханалары мен казармалар салдық. Қолыма қару алған жоқпын. Берілген автоматты бірден әскери бөлімге тапсырдым. Ешқашан оқ атпадым, менің қолымнан ешкім қаза тапқан жоқ», – деді ол сотта.
Сотталушы сондай-ақ Қазақстан заңнамасында шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын білмегенін айтты.
Оның жұбайы да күйеуінің Ресейге жұмыссыздық салдарынан кеткенін растады. Әйелінің сөзінше, ол жұбайының әскери қызметке баруына қарсы болған. Алайда ер адам өзін майданға қатыспаймын, тек азық-түлік тасымалдаймын деп сендірген. Тапқан табысының бір бөлігін отбасына жіберіп отырған.
Сот барлық мән-жайды ескере отырып, Марат К.-ны Қылмыстық кодекстің 172-бабы бойынша кінәлі деп таныды. Оған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу үшін бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен құқық қорғау органдары азаматтарға бірнеше рет ескерту жасаған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жалдамалылық белгілері болмаса да, шетелдегі қарулы қақтығыстарға заңсыз қатысқаны үшін бес жылдан тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Материал авторы