Атырауда мас жүргізуші мен оған көлігін берген иесі қамалды
Көлік иесі мас азаматқа рөл бергені үшін жүргізушімен бірге жауапқа тартылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында жол-патрульдік полиция қызметкерлері мас күйде көлік басқарған жүргізушіні анықтады.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 31 мамырда шамамен сағат 02:30-да Доссор – Бейнеу тасжолының 121-шақырымында болған. Патрульдік полиция инспекторлары Toyota Land Cruiser автокөлігін тоқтатып, тексеру барысында жүргізушіден алкогольдің иісі шыққанын байқаған.
Осыдан кейін азамат медициналық куәландыруға жеткізілді. Сараптама қорытындысы оның жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті.
Тәртіп сақшылары жүргізушіге, сондай-ақ көлік ішінде жолаушы ретінде отырған және рөлді мас адамға тапсырған көлік иесіне қатысты Қазақстан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Жылыой аудандық сотының шешімімен екі азамат та жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция өкілдері жол қауіпсіздігі әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін еске салды. Ведомство мас күйде көлік жүргізу адам өміріне қауіп төндіріп, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Сондай-ақ жүргізушілер заң талаптарын қатаң сақтауға, өз өмірі мен өзге жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырылды.
Материал авторы