737

«Әке, мен сені түрмеге отырғызамын»: алматылық қыз өзін әкесі зорлағанын айтты (ВИДЕО)

Бұрын тоқтатылған іс енді қайта қаралып, жаңа тексерулер басталуы мүмкін.

«Әке, мен сені түрмеге отырғызамын»: алматылық қыз өзін әкесі зорлағанын айтты (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы тұрғыны Элеонора, әлеуметтік желілерде Лёля Берг есімімен танымал блогер, әкесімен болған ауыр әңгімесінің бейнежазбасын жариялады. Бұған дейін ол әкесін бала кезінде өзіне ұзақ жылдар бойы зорлық-зомбылық көрсетті деп ашық айыптаған болатын.

Элеонораның айтуынша, бұл оқиғалар ол алты мен тоғыз жас аралығында болған кезде орын алған. Алайда қорқыныш пен қоқан-лоқы салдарынан көп жыл бойы үнсіз жүрген.

Жарияланған аудиожазбада қыз әкесіне балалық шағында алған ауыр психологиялық жарақаты туралы айтып, осы жүкпен өмір сүрудің қаншалықты қиын екенін жеткізуге тырысады. Ол бұл мәселені талқылайтын ешкімі қалмағанын да айтқан.

Ал әкесі болса қызының не туралы айтып отырғанын түсінбейтінін мәлімдеп, барлық айыптауды жоққа шығарған.

Әңгіме барысында эмоциялық шиеленіс күшейіп, Элеонора көзіне жас алып, әкесінен жауап талап етеді. Оның сөзінше, әкесі бала кезінде өзіне қатысты орын алған әрекеттер үшін жауап беруі тиіс.

Әкесі қызының айтқандарын мойындамай, мұның бәрін интернеттен көрген оқиғалардың әсерінен ойлап тапқан болуы мүмкін екенін алға тартқан. Сондай-ақ ол жауапкершілікті қызының анасына аударуға тырысқан.

Қызы кешірім сұрауды талап еткенде, ер адам өз кінәсін мойындамайтынын айтқан. Кейін ол денсаулығының нашар екенін айтып, өмірінің аз қалғанын алға тартқан.

Әңгіме кезінде әкесі:

«Сен не қалайсың? Мені түрмеге отырғызбақсың ба?» – деп сұраған.

Оған Элеонора:

«Әке, мен сені түрмеге отырғызамын», – деп жауап берген.

Бұған дейін Элеонора Instagram парақшасында видеоүндеу жариялап, шамамен 17 жыл бұрын өз отбасында болған ауыр оқиға туралы алғаш рет көпшілікке айтқан еді.

Оның сөзінше, әкесі бірнеше жыл бойы отбасы мүшелерін өлтіремін деп қорқытып келген. Сол себепті ол ұзақ уақыт бойы болған жайтты ешкімге айтпаған.

«Анамды, әжемді және інімді өлтіремін деп қорқытатын. Кейін өзіне де қол жұмсайтынын айтатын. Мен кішкентай бала болғандықтан бұған сеніп, қатты қорықтым. Сондықтан ұзақ уақыт үнсіз жүрдім», – деген Элеонора.

Ол бұл жағдайдың өзінің кейінгі өміріне де ауыр әсер еткенін айтты. Айтуынша, өмірінде зорлық-зомбылықтың өзге түрлерімен де бірнеше рет бетпе-бет келген.

Элеонораның мәліметінше, бұған дейін әкесін жауапкершілікке тарту әрекеті нәтиже бермеген. Сол кезде түрлі сараптамалар жүргізілгенімен, дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты іс тоқтатылған.

Қазір қыздың айтуынша, құқық қорғау органдары істі қайта қарауға кіріскен. Ол алдағы уақытта ресми сауалнамалардан, тергеу әрекеттерінен және басқа да заңдық әрі медициналық рәсімдерден өтуі тиіс.

Оқиғаға байланысты редакция полициядан түсініктеме сұрағанымен, жарияланым шыққан сәтке дейін ресми жауап берілмеген.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор