547

Астанадағы LRT станциясында төбе құлады ма? Компания түсініктеме берді

Желі қолданушылары жарияланған суреттен кейін LRT құрылысының сапасын талқылай бастады.

Астанадағы LRT станциясында төбе құлады ма? Компания түсініктеме берді
instagram.com/astanovka98

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана тұрғындары әлеуметтік желілерде LRT-дің «Театр» станциясында түсірілген фотосуретті қызу талқылап жатыр. Кадрларда станция төбесінің бір бөлігі құлағандай көрінеді. Осыған байланысты желі қолданушылары жаңа нысанның сапасына қатысты сұрақтар қоя бастады.

Фотосурет Instagram желісіндегі Astanovka98 парақшасында жарияланған.

Жарияланым авторларының мәліметінше, станциядағы төбе бөлігінің бір жері опырылып түскен. Фотоға қарағанда, оқиға орнында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан.

Алайда «City Transportation Systems» ЖШС бұл ақпаратқа түсініктеме беріп, төбе конструкциясы әдейі бөлшектелгенін мәлімдеді.

Компания өкілдерінің айтуынша, бұл инженерлік жүйелерді тексеру және техникалық қызмет көрсету аясында жүргізілген жоспарлы жұмыстар.

«Инженерлік жүйелерді тексеру мен қызмет көрсету – әлемдегі кез келген көлік инфрақұрылымы нысаны үшін қалыпты тәжірибе. Мұндай жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі», – деп хабарлады компания.

Осылайша, оператор ұйым төбенің құлауы туралы ақпаратты жоққа шығарып, жарияланған фотодағы көрініс жоспарлы техникалық жұмыстардың нәтижесі екенін атап өтті.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор