Найзағай, бұршақ және 36 градус ыстық: 4 маусымның ауа райы қандай болады?
Қазақстан өңірлерін қолайсыз ауа райы мен өрт қаупі күтіп тұр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Қазгидромет» 4 маусымға арналған дауылды ескерту жариялап, еліміздің көптеген өңірінде қолайсыз ауа райы болатынын мәлімдеді. Синоптиктер найзағай, бұршақ, дауыл, шаңды дауыл, қатты жел мен аптап ыстыққа байланысты сақ болуға шақырды.
Ескертуге сәйкес, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Кейбір өңірлерде желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетуі мүмкін.
Атырау мен Маңғыстау облыстарында жаңбыр мен найзағай болжануда. Маңғыстау өңірінде түнгі және таңғы уақытта тұман түсіп, күндіз шаңды дауыл көтеріледі. Сонымен қатар өңірдің бірқатар ауданында жоғары өрт қаупі сақталады.
Жетісу облысында өткінші жаңбыр мен найзағай күтілгенімен, күндіз ауа температурасы 36 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Таулы аудандарда желдің екпіні 25-28 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал.
Алматы облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жаңбыр мен найзағай болжанып отыр. Алматы мен Қонаевта желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Өңірдің солтүстік бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында да ауа райы құбылмалы болады. Таулы аудандарда найзағай ойнап, кей жерлерде шаңды дауыл тұрады. Қызылорда облысында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр.
Павлодар және Абай облыстарында күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Екі өңірде де жоғары өрт қаупі жарияланған. Абай облысының кей аудандарында төтенше өрт қаупі сақталады.
Қарағанды, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарында найзағайлы жаңбыр күтіледі. Кей аудандарда желдің күші секундына 20 метрден асады. Қарағанды облысының бірқатар бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталған.
Астана қаласында 4 маусымда өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі.
Синоптиктердің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысында 2-6 маусым аралығында күндізгі ауа температурасы 30-35 градусқа дейін көтеріліп, аптап ыстық сақталады.
Материал авторы