625

Атыраудағы ойын паркінде ірі өрт болды: екі аттракцион күлге айналды

Қаладағы ойын-сауық саябағында өрт шығып, аттракциондар жанып кеткен.

Атыраудағы ойын паркінде ірі өрт болды: екі аттракцион күлге айналды
АқЖайық

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атыраудағы Авангард шағынауданында орналасқан ойын-сауық саябағында өрт шығып, карусель мен «Қорқыныш бөлмесі» аттракционы толықтай жанып кетті.

Оқиға Тілендиев көшесіндегі ойын паркінің аумағында болған. Өрт орнынан түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілер мен қалалық чаттарда тарады. Кадрларда саябақ үстіне қою түтін көтеріліп, құтқарушылардың жалынмен күресіп жатқаны көрінеді.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрт «Қорқыныш бөлмесі» аттракционынан басталуы мүмкін. Алайда бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жеткен кезде екі нысанды да жалын толық шарпыған. Оттың тез таралуына аттракциондардағы жанғыш материалдардың көп болуы себеп болған.

Құтқарушылар жалынның көршілес ғимараттарға таралуына жол бермей, өртті толық сөндірді. Ведомствоның мәліметінше, оқиғадан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажеттігін еске салды.

Материал авторы