624

Петропавлда әлеуметтік желідегі пікір үшін оқушыларға пышақпен шабуыл жасаған ер адам сотталды

Пышақ ұстаған азамат жасөспірімді жылу құбырының үстіне құлатып, күш қолданған.

Петропавлда әлеуметтік желідегі пікір үшін оқушыларға пышақпен шабуыл жасаған ер адам сотталды
Akishin Vyacheslav / moscow-live.ru

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавл қаласының 36 жастағы тұрғыны әлеуметтік желідегі жарияланым астындағы пікірлерге бола кәмелетке толмаған екі жасөспірімге пышақпен шабуыл жасап, бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Оқиға Сәтбаев көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған. Екі жасөспірім жылу құбырының үстінде отырып сөйлесіп отырған кезде оларға бейтаныс ер адам жақындаған.

Сот материалдарына сәйкес, оқиға алдында Виталий И. есімді азамат үйінде алкогольдік ішімдік ішкен. Сол кезде оған Instagram желісіндегі ит үйрету көрсетілген видеосына сілтеме жіберілген. Жарияланым астында сын пікірлер мен қорлайтын жазбалар болған. Ер адам сол пікірлердің авторы аулада отырған жасөспірімдердің бірі деп ойлап, қолына пышақ алып, оларды іздеуге шыққан.

Жәбірленушінің айтуынша, күдікті еш түсініктеме берместен оған тап беріп, жылу құбырларының үстіне құлатқан.

«Ол мені құбырлардың үстіне басып қалып, қолындағы қара сабы бар пышақты көрсетті. Пышақ жүзі алақаннан да ұзындау болды», – деген оқушы сотта.

Шабуылдаушы жасөспірімнің мойны мен басынан басып тұрған. Оның әрекетін тоқтатуға жәбірленушінің досы араласып, ер адамды шетке ығыстырған. Қауіпсіз жерге қашып шыққаннан кейін ғана оқушылардың бірі беті мен мойнынан қан кеткенін байқаған. Кейін олар жақын маңдағы дүкенге кіріп, көмек сұраған. Дүкен сатушысы да сотта жараланған жасөспірімді көргенін растаған.

Сот-медициналық сараптама нәтижесінде жәбірленушінің бетінде кесілген жарақат, сондай-ақ мойны мен қолында сыдырылған іздер анықталған. Мамандар денсаулыққа жеңіл зиян келтірілген деген қорытынды шығарған.

Айыпталушы сотта ешкімді жарақаттауды мақсат етпегенін, төбелес кезінде пышақтың жасөспірімге кездейсоқ тигенін айтқан. Алайда сот бұл уәжді растайтын дәлел таппады.

Үкімде ер адам мен жәбірленуші арасында бұрыннан ешқандай жеке кикілжің болмағаны көрсетілген. Бұған қоса, шабуылға ұшыраған жасөспірім айыпталушының ашуына себеп болған Instagram жарияланымына мүлде қатысы жоқ болып шыққан.

Сот шабуылдың нақты дәлелдерге емес, айыпталушының жеке болжамына негізделгенін атап өтті. Оның әрекеті «ашықтан-ашық менсінбеушілік пен өрескел сипаттағы қылық» ретінде бағаланды.

Нәтижесінде Виталий И. денсаулыққа зиян келтіруге бейімделген затты пайдаланып бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор