617

Ойыншық тапанша ұстаған жолаушының кесірінен Алматыда күтпеген жол апаты болды

Шетелдік такси жүргізушісі өзін қорқытқан жолаушыдан құтылу үшін полициядан көмек сұраған.

Ойыншық тапанша ұстаған жолаушының кесірінен Алматыда күтпеген жол апаты болды
Алматы ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда ойыншық тапаншамен такси жүргізушісін қорқытқан жолаушының әрекеті екі бірдей оқиғаға ұласты. Алдымен күдікті полицейлердің көмегімен ұсталды, кейін сол сәтті тамашалап қалған жүргізуші таксиге соғылып, жол-көлік оқиғасын жасады.

Оқиға Алматының Жетісу ауданында тіркелді. Патрульдік полиция қызметкерлері Солтүстік айналма жол бойында қызмет атқарып жүрген кезде оларға Kia автокөлігі тоқтаған.

Көлік тізгініндегі шетел азаматы салоннан жүгіріп шығып, полицейлерден көмек сұраған. Оның айтуынша, артқы орындықта отырған жолаушы тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, өзін Алматы облысындағы елді мекендердің біріне апаруды талап еткен.

Полиция қызметкерлері жағдайға дереу араласып, көлікті қоршауға алып, күдіктіні ұстады. Тексеру барысында жолаушы қолындағы қаруға ұқсас заттың ойыншық тапанша екені анықталды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Алайда оқиға мұнымен аяқталған жоқ. Такси жүргізушісі болған жайтты полицияның бейнетіркеу құрылғысына айтып тұрған сәтте тағы бір күтпеген жағдай орын алған.

Оқиғаны сырттай бақылап өтіп бара жатқан жүргізушілердің бірі жолға назар аударудың орнына полицейлердің әрекетін бақылап қалған. Соның салдарынан ол тоқтап тұрған таксиге келіп соғылған.

Жол апаты дәл түсірілім кезінде болған.

Алматы қалалық полиция департаменті жүргізушілерге жолдағы кез келген жағдайда мұқият болу қажеттігін еске салды. Ведомство өкілдері қозғалыс кезінде назарды басқа оқиғаларға аудару жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін екенін атап өтті.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор