«Енді бұл менікі»: Баян Алагөзова «Қыз Жібек» камзолының дәл көшірмесін көрсетті
Аңызға айналған киімнің түсі, кестесі мен әшекейіне дейін қайта жасалып, өндіріске жіберілді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, продюсер әрі актриса Баян Алагөзова әйгілі «Қыз Жібек» фильміндегі камзолдың жаңғыртылған нұсқасын көпшілік назарына ұсынды.
Ол Instagram парақшасында дизайнер Айда Кәуменова командасы әзірлеген жаңа камзолды көрсетіп, оның түпнұсқамен барынша ұқсас жасалғанын атап өтті.
«Камзолым қайта оралды. Енді ол шынымен менікі. Түпнұсқамен бірдей дерлік. Қаншалықты ұқсас шыққанын өздеріңіз бағалаңыздар», – деді Баян Алагөзова.
Продюсердің айтуынша, олар «Қыз Жібек» образын заманауи сән кеңістігінде қайта жаңғыртып, ұлттық киімді кеңінен насихаттауды көздейді. Оның пікірінше, камзолдың ерекшелігі – ұлттық нақышын жоғалтпай, қазіргі киім үлгілерімен де үйлесе алатындығында.
Баян Алагөзова жаңғыртылған камзолды әзірлеу кезінде түпнұсқадағы әрбір бөлшек ескерілгенін айтты. Атап айтқанда, киімнің түсі, матасы, кестесі, моншақтары, інжу әшекейлері мен аң терісінен жасалған жиектері мұқият қайта жасалған.
Жоба авторларының мәліметінше, камзол мен оған арналған ақ көйлектің кейбір бөліктері әлі де жетілдіріліп жатыр. Сонымен қатар фильмдегі басты кейіпкер киген үлгіге ұқсас бөрік те тігіледі. Бұл киімдермен болашақта «Қазақ аруы» байқауына қатысушылардың сахнаға шығуы жоспарланған.
Еске салайық, биыл сәуір айында Баян Алагөзова өзіне «Қыз Жібек» фильміндегі аңызға айналған камзол сыйға тартылғанын хабарлаған болатын. Кейін бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып, оған мәдениет саласының өкілдері, заңгерлер мен кино мамандары пікір білдірді.
Дау-дамайдан кейін Баян Алагөзова камзолды фильмде Қыз Жібек рөлін сомдаған Меруерт Өтекешеваға тапсырған еді. Кейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен актриса арасында жәдігердің болашағына қатысты келісім жасалғаны хабарланған.
Материал авторы