Михаил Шайдоров уәдесінде тұрды: 6 миллион теңгені жас спортшыларға бөлді
Бұған дейін Шайдоров бірнеше ай бойы жалақы ала алмағанын мәлімдеген еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Алматыдағы №3 кешенді балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығатын жас спортшылармен кездесіп, оларға спорттық жабдық алуға арналған сертификаттар табыстады.
Көрсетілген көмектің жалпы көлемі 6 миллион теңгені құрады.
Спортшы бұл туралы өзінің Threads парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, бастама Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған.
«Бүгін Алматы қаласындағы №3 Кешенді балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі (КБЖСМ) тәрбиеленушілерімен кездесіп, балаларды қорғау күніне арналған шағын сыйлық жасадым. Қолдау білдірген барша жанға рақмет. Балаларға жақсы көңіл-күй сыйлап, өз күшіне деген сенімін арттыра алғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта да спорттағы жас өрендерді қолдау үшін бар күшімді саламын», – деп жазды спортшы.
Бұған дейін Михаил Шайдоров өзінің маусымға дайындықты қаржыландыру мәселесі шешілсе, төленбей қалған жалақысын балалар спортына бағыттайтынын мәлімдеген болатын.
Спортшының төңірегінде бірнеше ай бұрын қаржыландыруға қатысты дау туындаған еді. Ол олимпиадалық маусымнан кейін бірнеше ай бойы жалақы ала алмағанын айтып, жаттығу процесін қаржыландыруда қиындықтар болғанын жариялаған.
Кейін Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі спортшының бұрынғы келісімшарты Олимпиада ойындарынан кейін аяқталғанын түсіндірді. Ведомство жаңа олимпиадалық циклге байланысты жаңа келісім жасалуы қажет болғанын мәлімдеген.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, барлық қажетті құжаттар рәсімделіп, жаңа келісімшартқа қол қойылғаннан кейін төлемдер толық көлемде жүргізілген.
Кейін ведомство қаржыландыру толық қалпына келтірілгенін және тараптар арасындағы барлық келіспеушіліктер шешілгенін хабарлады.
Осыдан кейін Михаил Шайдоров бұған дейін берген уәдесін орындап, қаражатты жас спортшыларды қолдауға бағыттады.
Материал авторы