1132

Алматыда қайта өңделген пластиктен жасалған орындықтар аллеясы ашылды

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Алматының Бостандық ауданындағы «Южный» саябағында қайта өңделген пластиктен жасалған орындықтар аллеясы ашылды.

Алматыда қайта өңделген пластиктен жасалған орындықтар аллеясы ашылды

Жобаның бастамашысы – Қазақстан нарығында жұмыс істеп келе жатқанына 15 жыл толған Karcher Kazakhstan компаниясы. Компанияның мерейтойы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнімен тұспа-тұс келуі де символдық мәнге ие. Жоба Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы, «Eco Almaty» ЖШС, ECO Network компаниясы және Satbayev University қолдауымен жүзеге асырылды.

Ашылу рәсіміне Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаев пен Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Алмаз Кеңесбай қатысты.

Аллеяны жасау үшін жалпы салмағы шамамен 250 келі болатын 120 мыңнан астам пластик қақпақша жиналды. Олардың барлығын алматылық мектеп оқушылары «Мейірімді қақпақша» экологиялық жобасы аясында жинаған. Сұрыптау және дайындау жұмыстарынан кейін қақпақшалар Satbayev University базасындағы ECO Network Эко-хабына қайта өңдеуге жіберіліп, екінші шикізаттан жаңа аллеяға арналған 11 орындық дайындалды.

Серік Әділбаевтың айтуынша, мұндай жобалар «Таза Қазақстан» бастамасының қағидаттарын нақты көрсетіп, қалдықтардың қалалық ортада екінші өмірге ие бола алатынын дәлелдейді.

Karcher Kazakhstan ЖШС-нің бас директоры Кирилл Кулешов компанияның экологиялық бастамалар мен тұрақты даму жобаларын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті.

ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов орындықтардың жасалуы тұрғындардың, мектеп оқушыларының, еріктілер мен серіктес ұйымдардың бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін айтты.

«Бұл орындықтар қалдықтарды бөлек жинаудың нақты нәтиже беретінін көрсетеді. Мыңдаған адам қақпақша жинауға қатысып, кейін олар қайта өңделіп, қалалық ортаның толыққанды элементтеріне айналды. Бұл жоба басқа компаниялар мен қала тұрғындарын экологиялық бастамаларды қолдауға шабыттандырады деп сенеміз», – деді ол.

Сонымен қатар аллея аумағында пластик бөтелкелер мен алюминий қалбырларын жинауға арналған алма пішініндегі арнайы тор орнатылды. Жақын маңдағы жоғары оқу орындарының студенттері оның жұмысын қолдауға және қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін насихаттауға дайын екендерін білдірді.

Бұл жоба экологиялық мәдениетті дамыту мен жауапты тұтыну қағидаттарын ілгерілетуде бизнес, қоғамдық ұйымдар, білім беру мекемелері және қала арасындағы ынтымақтастықтың тағы бір жарқын үлгісі болды.