Қазақстанның жартысында дауылды ескерту: аптап, найзағай және бұршақ күтіледі
Қазақстанның көптеген өңірінде ауа райы күрт өзгереді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 5 маусымда еліміздің көптеген өңірінде ауа райы күрт құбылып, қатты ыстық, найзағай, нөсер жаңбыр, бұршақ, дауыл және күшті жел күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» таратқан дауылды ескерту хабарламасында айтылды.
Синоптиктердің болжамынша, Павлодар облысында күндіз ауа температурасы 35-36 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық болады.
Ақтөбе облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Өңірдің бірқатар бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Алматы облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Желдің жылдамдығы кей аумақтарда 20 м/с-қа дейін күшейеді. Алматы мен Қонаев қалаларында да найзағай болжанып отыр. Сонымен қатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі жарияланған.
Қарағанды облысының солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде жаңбыр мен найзағай болады. Желдің екпіні 15-18 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Облыстың бірнеше ауданында төтенше өрт қаупі сақталады.
Ұлытау облысының солтүстігінде найзағайлы жаңбыр күтіледі. Жезқазған қаласы мен өңірдің басқа бөліктерінде жел күшейіп, жоғары өрт қаупі сақталады.
Жетісу облысында күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық болады. Таулы аймақтарда найзағай күтіледі. Желдің екпіні кей жерлерде 28 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.
Қызылорда облысының солтүстігінде найзағай, дауыл және шаңды дауыл болжануда. Желдің күші 20 м/с-қа дейін жетеді. Өңірдің басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталып отыр.
Қостанай облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Кей аудандарда тұман түсіп, жел күшейеді.
Түркістан облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауады. Солтүстік бөлігінде шаңды дауыл соғуы мүмкін. Шымкент пен Түркістан қалаларында да күшті жел күтіледі.
Жамбыл облысының оңтүстігі, шығысы және таулы өңірлерінде найзағайлы жаңбыр болжанса, Абай облысында күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтерілмек.
Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында найзағай, қатты жаңбыр, бұршақ пен дауыл күтіледі. Кей жерлерде желдің екпіні 28 м/с-қа дейін күшейеді. Астанада да желдің күшеюі болжанып отыр.
Батыс Қазақстан облысында жаңбыр мен найзағай күтілсе, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігі мен орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.
Синоптиктер тұрғындарды ауа райының қолайсыз жағдайларына байланысты қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.
Материал авторы