1351

Путин орыс тілін қолдағаны үшін Тоқаевқа алғыс айтты

Ресей президенті Тоқаевтың бастамасы екі ел арасындағы байланысты нығайтады деп есептейді.

Путин орыс тілін қолдағаны үшін Тоқаевқа алғыс айтты
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин қазақ тілін емес, орыс тілін қолдау бағытындағы халықаралық ұйым құру бастамасын көтергені үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді. Бұл туралы ол Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында халықаралық ақпарат агенттіктерінің басшыларымен кездесуде айтты.

Путиннің сөзінше, мұндай ұйымның құрылуы мемлекеттер арасындағы гуманитарлық байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

«Қазақстан Президентінің орыс тілін қолдауға арналған халықаралық құрылым құру туралы бастама көтергеніне ризашылығымызды білдіреміз. Бұл – болашаққа бағытталған қадам. Ол біздің қарым-қатынасымызды сақтап қана қоймай, барлық бағытта, соның ішінде гуманитарлық салада дамытуға ықпал етеді», – деді Ресей басшысы.

Сондай-ақ Владимир Путин Мәскеу мен Астана арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанның көптеген азаматы Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.

Ресей президенті гуманитарлық және білім беру байланыстары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызды бөлігі болып қала беретінін айтты.

Айта кетейік, 27 мамырда Владимир Путин Астанаға мемлекеттік сапармен келген болатын.

Материал авторы