1390

Атыраудағы отбасы қырғыны: Сотта Ақбаян Мұқанғалиеваның жауабы жарияланды

Бейнематериалдарда ерлі-зайыптылардың Қазақстаннан шыққан сәті көрсетілген.

Атыраудағы отбасы қырғыны: Сотта Ақбаян Мұқанғалиеваның жауабы жарияланды
Kazinform.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысы Жангелдин ауылында төрт адамның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысында жаңа бейнематериалдар көрсетілді. Кадрларда күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевтің жұбайы әрі қаза тапқандардың туысы Ақбаян Мұқанғалиеваның қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттері және ерлі-зайыптылардың мемлекеттік шекарадан өткен сәттері бейнеленген. Бұл туралы Kazinform.kz жазды.

Сотта көрсетілген бейнежазбада Ақбаян Мұқанғалиева Атырауға жеткізілгеннен кейін тергеушілердің сұрақтарына жауап береді. Ол ата-анасының ауылда тұратынын, оқиғаға дейін ағасы Наурызбен сөйлескенін айтқан. Сондай-ақ туған жері Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылы екенін, орта білім алғанын және соңғы рет Мұнайшы ықшамауданында тұрғанын мәлімдеген.

Алайда әйел бірқатар маңызды сұрақтарға нақты жауап бере алмаған. Атап айтқанда, өзінің нақты мекенжайын, елге қашан оралғанын және тергеу әрекеттері қай күні жүргізілгенін айта алмаған.

Бейнежазбада тергеуші:

«Тергеу әрекеттерін жалғастыру мүмкін емес. Азаматша психоневрологиялық диспансердің ақпараттық жүйесінде есепте тұрғаны анықталды», – дейді.

Бұл үзінді кезекті сот отырысында көпшілік назарына ұсынылды.

Сотта Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Мұнайшы ықшамауданында жалдап тұрған үйдің маңын тексеру кезінде түсірілген бейнежазба да көрсетілді.

Тергеу барысында теміржол бойындағы қамыс арасынан ер адамның киімдері табылған. Сонымен қатар қан іздеріне ұқсас дақтары бар кілем және неке туралы куәліктің, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері мен медициналық анықтамалар салынған сөмке анықталған.

Іс материалдарына сәйкес, өткен жылдың 9 желтоқсаны кешке Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева «Қапланбек» өткізу пункті арқылы Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан өткен.

Бұған дейін сотта күдіктінің қайын енесі Насип Өтешқалиеваның алтын әшекейлерін ломбардқа өткізген сәті түсірілген бейнежазбалар да зерттелген болатын.

Еске салсақ, 2025 жылдың соңында Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түзсіз жоғалып кеткен.

2026 жылғы 6 қаңтарда шаруашылық қорасынан отбасы басшысы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Насип Өтешқалиеваның мәйіттері табылды. Кейін олардың денелерінен пышақ жарақаттары анықталғаны белгілі болды.

Сот-медициналық сараптама мен тергеу деректеріне сәйкес, Наурыз Мұқанғалиев 2025 жылдың мамыр айында көз жұмған. Ал отбасының қалған үш мүшесі – әкесі, анасы және қызы қараша айында қайтыс болған.

9 қаңтарда құқық қорғау органдары отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікпен олардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиевке халықаралық іздеу жариялады. Кейін марқұмдардың қызы Ақбаян Мұқанғалиева да күдікті ретінде танылған болатын.

24 ақпанда Сәрсемәлиев пен Мұқанғалиева Индонезияның Ломбок аралындағы Сенару ауылында ұсталды. Наурыз айында олар Қазақстанға экстрадицияланып, Атырауға жеткізілді.

Кейін полицейлер Сұлтан Сәрсемәлиевті қайын атасы мен қайын енесі өлтірілген үйге апарып, тергеу экспериментін өткізді. Онда ол қылмыстың қалай жасалғанын көрсетіп, тергеушілердің сұрақтарына жауап берген.

Сотталушыға Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі бойынша екі немесе одан да көп адамды өлтіру айыбы тағылған. Бұдан бөлек, оған ұрлық және алаяқтық баптары бойынша да айыптар қойылған. Тергеу мәліметінше, ол марқұмдардың мал-мүлкін сатып, банк карталарын пайдаланған.

Сонымен қатар Атырау облыстық прокуратурасы Ақбаян Мұқанғалиеваның отбасы мүшелерін өлтіруге қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Облыс прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған.

Материал авторы