1330

Тоқаев соңғы бес жылда мемлекеттік органдарға 16 миллион өтініш түскенін мәлімдеді

Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа серпін бергенін айтты.

Тоқаев соңғы бес жылда мемлекеттік органдарға 16 миллион өтініш түскенін мәлімдеді
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форумда сөйлеп, азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған реформалардың нәтижесіне тоқталды.

Мемлекет басшысы Қазақстан үшін мемлекет пен қоғамның тұтастығын нығайту басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, елдің тұрақты дамуы үшін халық пен билік арасында өзара сенім мен келісім болуы қажет.

Президент мұндай сенім өздігінен қалыптаспайтынын айтып, қоғаммен ашық диалог орнату мен азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналғанын жеткізді.

Осыған байланысты Қазақстанда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асырыла бастаған. Мемлекет басшысы бұл жұмысқа министрлер, әкімдер және депутаттар белсенді қатысуы тиіс екенін айтты.

Тоқаев 2019 жылы әкімшілік әділеттің жаңа моделін енгізу қажеттігін көтергенін еске салды. Оның сөзінше, бұл бастама азаматтар мен кәсіпкерлерді мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғауға бағытталған маңызды қадам болды.

«2021 жылы елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді. Бұл азаматтарымызды және кәсіпкерлерді билік өкілдерінің заңсыз әрекеттерінен қорғау үшін жасалған аса маңызды қадам болды», – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты күшейткен «е-Өтініш» платформасының жұмысын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жүйе азаматтардың өтініштерін ашық әрі тиімді қарауға мүмкіндік беріп, бюрократиялық кедергілерді азайтты.

Президенттің мәліметінше, соңғы бес жылда мемлекеттік органдарға шамамен 16 миллион өтініш түскен. Бұл халық пен билік арасындағы өзара байланыстың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

«Осылайша, халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болды. Соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік органдарға шамамен 16 миллион өтініштің келіп түсуі – соның айқын көрінісі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Материал авторы