Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті
Инфляцияның баяулауы Ұлттық банктің жаңа шешім қабылдауына негіз болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 18 пайыздан 17 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл – 2025 жылдың қазан айынан бергі алғашқы өзгеріс.
Реттеушінің мәліметінше, шешім инфляция қарқынының күткеннен жылдам баяулауына байланысты қабылданған. Мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 10,4 пайызды құрады.
Ұлттық банк қосылған құн салығының өзгеруі бағаға болжанғандай қатты әсер етпегенін және теңге бағамының өткен жылмен салыстырғанда нығайғанын да атап өтті.
Базалық мөлшерлеменің төмендеуі банктердің депозит және несие өнімдеріне ықпал етуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, кейбір қаржы ұйымдары депозит бойынша сыйақы мөлшерлемелерін төмендете бастаған.
Сонымен қатар бұл шешім несие нарығына да әсер етуі ықтимал. Базалық мөлшерлеменің төмендеуі банктердің қаржы тарту шығындарын азайтып, қарыздардың қолжетімді болуына мүмкіндік беруі мүмкін.
Осылайша, Ұлттық банк ақша-несие саясатын жұмсартып, экономиканы қолдауға бағытталған кезекті қадам жасады.
Материал авторы