1040

Желтоқсан қатысушыларына тіл тигізген әйелге қатысты тергеу жалғасып жатыр

Алматылық әйел жұмыс орнынан босатылып, компания оның пікірін қолдамайтынын мәлімдеген еді.

Желтоқсан қатысушыларына тіл тигізген әйелге қатысты тергеу жалғасып жатыр
threads.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы қаласында Виолетта Паршинаға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Бұған дейін әлеуметтік желіде оның 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға қатысты даулы әрі ауыр сөздер айтқаны қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын.

Алматы қалалық полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады.

Даулы жағдай Threads платформасындағы жазбалардан кейін өршіді. Онда Паршина Қазақстанға қатысты жағымсыз пікір білдіріп, Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды қорлайтын сипаттағы сөздер қолданған.

Осыдан кейін әлеуметтік желі қолданушылары жаппай полицияға және өзге де мемлекеттік органдарға шағым түсіріп, оны ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша жауапқа тартуды талап етті.

Оқиға қоғамда кең талқыланып, Паршинаның кәсіби қызметіне де әсер етті. Ол жұмыс істеген жарнама агенттігі оның пікірін қолдамайтынын мәлімдеп, резонанс күшейгеннен кейін оны қызметінен босатқан.

Материал авторы