Найзағай, бұршақ, аптап ыстық: ел өңірлеріне ескерту жасалды
Қазақстанның басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Қазгидромет» 8 маусымға арналған дауылды ескерту жариялап, еліміздің басым бөлігінде қолайсыз ауа райы болатынын хабарлады.
Синоптиктердің мәліметінше, бірқатар өңірде жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл және екпінді жел күтіледі. Сонымен қатар көптеген облыста жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Ең күрделі жағдай Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында болжанып отыр. Бұл өңірлерде жаңбырмен бірге найзағай ойнап, кей жерлерде бұршақ жаууы және желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін.
Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында шаңды дауыл күтіледі. Ал Солтүстік Қазақстан облысында тұман түсіп, күндіз бұршақ пен дауыл болуы ықтимал.
Ұлытау, Қарағанды, Жетісу және Павлодар облыстарында күн қатты ысиды. Кей жерлерде ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріледі.
Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының таулы аймақтарында өткінші жаңбыр мен найзағай болжанған. Таулы аудандарда желдің күшеюі де күтіледі.
Синоптиктер Астана қаласында да жоғары өрт қаупі сақталатынын ескертті.
Бұдан бөлек, «Қазгидромет» Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында 7-12 маусым аралығында аптап ыстық жалғасатынын мәлімдеді. Бұл өңірлерде күндіз ауа температурасы 30-37 градусқа дейін көтеріліп, жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Материал авторы