2596

Қазақстанда егіс науқаны аяқталды: бидай азайып, майлы дақылдар көбейді

Үкімет дерегі бойынша елімізде көктемгі дала жұмыстары толық көлемде аяқталды.

Қазақстанда егіс науқаны аяқталды: бидай азайып, майлы дақылдар көбейді
Vadym Terelyuk / vecteezy.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Үкіметі 2026 жылғы көктемгі егіс науқанының аяқталғанын ресми түрде хабарлады. Дала жұмыстары барлық өңірде агротехникалық мерзімдерге сай жүргізіліп, негізгі жоспар толық орындалған.

Үкімет дерегіне сәйкес, елдің басты астық белдеуі саналатын Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстары ауыл шаруашылығында шешуші рөлін сақтап отыр. Дәл осы аймақтардағы егіс құрылымы мен өнімділік Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Солтүстік Қазақстан: бидай қысқарып, майлы дақылдар кеңейді

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша биыл жалпы егіс алқабы 4,3 млн гектарды құрады. Дақыл құрылымын әртараптандыру аясында дәнді дақылдар 2,9 млн гектарға дейін қысқартылып, оның ішінде бидай 1,9 млн гектарға дейін оңтайландырылды.

Сонымен қатар майлы дақылдардың көлемі екінші жыл қатарынан 1 млн гектарға жетті. Жемшөп дақылдары 405 мың гектарды, картоп 8,6 мың гектарды, көкөніс 1,4 мың гектарды қамтыды.

Өңірде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны да артқан. Биыл техника жаңарту деңгейі 8,5 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. Жалпы құны 90 млрд теңге болатын 3,5 мың техника сатып алу көзделсе, соның бір бөлігі қазірдің өзінде жеткізілген.

Ақмола облысы: егіс құрылымы өзгеріп, инвестиция көбейіп жатыр

Ақмола облысы аумағында биыл егіс көлемі 5,6 млн гектарды құрады. Әртараптандыру нәтижесінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 184,6 мың гектарға қысқарып, 4,5 млн гектарға дейін төмендеді.

Оның есесіне майлы дақылдар 715 мың гектарға дейін ұлғайып, 220 мың гектарға артқан. Мал азықтық дақылдар 370,7 мың гектарды құрады. Картоп пен көкөніс те тұрақты көлемде орналастырылған.

Өңірде агроөнеркәсіппен қатар экспорттық әлеует те артып келеді. Жыл басынан бері 1,9 млн тонна астық сыртқы нарыққа жөнелтілген. Сонымен бірге Аршалы ауданында жылына 3 млн тонна шикізатты өңдейтін ірі зауыт салу жоспарланып отыр. Жоба құны шамамен 900 млрд теңгені құрайды және мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Қостанай облысы: астықтан өңдеу өнеркәсібіне дейінгі бағыт күшейіп келеді

Қостанай облысы бойынша көктемгі егіс көлемі 5,2 млн гектар деңгейінде жоспарланған. Бидай үлесін қысқарту есебінен майлы дақылдар 887 мың гектарға, дәнді-бұршақты дақылдар 212,3 мың гектарға, ал біржылдық шөптер 107 мың гектарға дейін ұлғайтылған.

Науқан барысында 514,2 мың тонна кондициялық тұқым пайдаланылып, арзандатылған дизель отыны да шаруаларға жеткізілген.

Өңір ауыл шаруашылығын тек егіспен шектемей, өңдеу саласын да дамытып келеді. Қазіргі таңда облыс елдегі ұн өндірісінің 30 пайызын қамтамасыз етеді. 35 диірмен кешені жылына 2 млн тоннаға дейін өнім шығарады.

2027–2028 жылдары жаңа ірі жобалар іске қосылады деп жоспарланған. Олардың қатарында бидайды терең өңдейтін зауыт пен жаңа агроөнеркәсіптік кешен бар.  

Материал авторы