«Қой сияқты байлаған»: Астанада қызды күштеп көлікке отырғызбақ болған (ВИДЕО)
Әлеуметтік желіні дүрліктірген видео тарады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желілерде бірнеше адамның жас қызды күштеп ұстап, көлікке отырғызуға әрекеттеніп жатқан видеосы тарады. Оқиға қоғамда қызу талқыланып, түрлі болжамдардың туындауына себеп болды.
Куәгерлердің айтуынша, жағдай Астанадағы Хан Шатыр сауда-ойын-сауық орталығының автотұрағында болған.
Кадрлардан бірнеше адамның қызды ұстап тұрғанын көруге болады. Оқиға орнына сауда орталығының күзет қызметі мен полиция шақырылғаны да айтылды.
Кейін қыздың туыстары жағдайға қатысты өз нұсқасын ұсынды. Олардың мәлімдеуінше, қыз арнайы есепте тұрады және денсаулығына байланысты бақылауды қажет етеді. Сондай-ақ туыстары оны үш күн бойы іздегендерін, кейін үйіне қайтармақ болғандарын жеткізген.
Видео жарияланғаннан кейін әлеуметтік желі қолданушылары оқиғаға алаңдаушылық білдіріп, құқық қорғау органдарынан түсініктеме талап етті.
Осыған байланысты Астана қаласының полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады.
Полицияның хабарлауынша, сауда орталығы маңындағы оқиға бойынша тексеру жүргізіліп, қатысушылардың барлығы анықталған.
«Туыстары арнайы есепте тұрған жақынының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шара қолданғаны белгілі болды. Оқиға орнында жағдай реттелді. Зардап шеккендер жоқ», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Материал авторы