Әл-Фарабидегі апат: үшінші марқұмның отбасы да Александр Пакты кешірді
Куәгерлер сотта Александр Пактың апат алдында алкоголь ішкенін растады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Іс бойынша қаза тапқан үшінші қыздың отбасы да айыпталушы Александр Пакқа қатысты талап-арызынан бас тартты.
Марқұм қыздың анасы Арайлым Есенбаеваның айтуынша, қайғылы оқиға туралы ол 21 наурыз күні таңертең білген. Сол күні мәйітханаға барып, қызының денесін таныған.
Сот отырысында әйел айыпталушыға ешқандай талабы жоқ екенін мәлімдеді.
«Таңғы сағат 9 шамасында хабар келді. Бірден мәйітханаға бардым. Мен оның туған анасымын. Қазіргі таңда ешқандай талабым жоқ. Барлығы заң аясында, сот қалай шешсе, солай болсын. Айыпталушыға да, басқа ешкімге де өкпем жоқ», – деді ол.
Сот барысында марқұмның туыстарының жазбаша өтініші де оқылды. Құжатта отбасының Александр Пакпен татуласу туралы шешім қабылдағаны көрсетілген. Өтінішке сәйкес, айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірген, кешірім сұрап, материалдық және моральдық шығындарды өтеген.
Марқұмның туыстары сотқа берген мәлімдемесінде айыпталушымен толық мәмілеге келгендерін және оған қатысты моральдық та, материалдық та талаптары жоқ екенін жеткізген. Сондай-ақ болашақта да қандай да бір талап қою ниеттері жоқ екенін атап өткен.
Сотта апатқа дейін Александр Пакпен бірге дәмханада болған куәгерлер де жауап берді. Олардың бірі айыпталушыны сабырлы әрі жанжалға бейім емес адам ретінде сипаттаса, тағы бір куәгер оның сол күні алкоголь ішкенін көргенін растады.
Еске салсақ, алдын ала сот тыңдауында 32 жастағы Александр Пак істі алқабилердің қатысуымен қараудан бас тартқан болатын. Прокурордың мәліметінше, 21 наурыз күні ол көлікті мас күйінде басқарған және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған. Сараптама оның орташа дәрежеде мас болғанын анықтаған.
Айыпталушы сотта сөз сөйлеп, қаза тапқандардың туыстарынан кешірім сұрады. Ол үш адамның өлімі үшін өзін ешқашан кешіре алмайтынын айтты.
Қайғылы жол апаты 2026 жылғы 21 наурызда түнгі сағат 03:30 шамасында Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында, Меңдіқұлов көшесінің маңында болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, Zeekr маркалы көлік қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Соққының күшті болғаны соншалық, Mercedes ішінде отырған үш адам оқиға орнында көз жұмған. Апат салдарынан 29 жастағы жүргізуші Еламан және 20 мен 22 жастағы екі жолаушы қаза тапты.
Материал авторы