«30 рет пышақ сұғып, бауыздаған»: Айгүл Сайлыбаеваның ата-анасы Собчакқа сұхбат берді
Германияда жұмбақ жағдайда қаза тапқан судьяның анасы сараптама қорытындысында көрсетілген ауыр жарақаттар туралы айтып берді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Германияда қаза тапқан қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның ісіне арналған жаңа журналистік зерттеу жарияланды. Ресейлік журналист Ксения Собчак өз бағдарламасында тергеудің жаңа деректерін, сот-медициналық сараптама қорытындыларын және іс фигуранттарының қазіргі жағдайына қатысты мәліметтерді ұсынды.
Бағдарламадағы ең ауыр сәттердің бірі марқұмның анасы Шолпан Батқалованың сараптама нәтижелері туралы әңгімесі болды. Оның сөзінше, сараптама қорытындысында Айгүлдің денесінен 30-дан астам пышақ жарақаты анықталған.
«Сараптама қорытындысында 30-дан астам пышақ жарақаты, бастың артқы бөлігіне екі соққы және бір терең жарақат болғаны көрсетілген. Құжатта оның алдымен есінен танғаны, содан кейін өлтірілгені жазылған», – деді марқұмның анасы.
Шолпан Батқалова қызының көзі тірісінде енесі Наталья Донцоваға қатысты шағым айтқанын да еске алды. Оның сөзінше, Айгүл енесінің үнемі мін тауып, тұрмыстық мәселелерге араласатынын айтып жүрген.
Марқұмның құрбысы Малика Текенова да соңғы уақытта Айгүлмен байланысудың қиындап кеткенін жеткізді. Оның айтуынша, Айгүлге қоңырау шалу да, хабарлама жазу да барған сайын күрделене түскен.
Отбасының адвокаты Жанна Уразбахова оқиғаның өз нұсқасын айтты. Оның мәлімдеуінше, үйдің жертөлесінен қан іздері табылған. Адвокаттың пікірінше, қақтығыс пәтер ішінде болып, кейін мәйіт жертөлеге жасырылған болуы мүмкін.
«Көршілердің шу естігені туралы куәліктері бар. Айгүл жеті айға жуық жүкті болған. Сараптама қорытындысына сүйенсек, оған пышақ жарақаттарымен қатар ауыр доғал затпен де соққы жасалған. Бұл бір адамның әрекеті ме, әлде бірнеше адамның қатысы болды ма – тергеу анықтауы тиіс», – деді қорғаушы.
Айта кетейік, бұрынғы қазақстандық судья Айгүл Сайлыбаеваның өлімі 2024 жылдың маусымында Германияның Бенсхайм қаласында тіркелген. Зерттеу авторларының мәліметінше, неміс полициясы тергеудің алғашқы кезеңінде-ақ марқұмның енесі Наталья Донцованы ықтимал күдікті ретінде қарастырған. Алайда ол сол уақытқа дейін Германиядан кетіп үлгерген және кейін халықаралық іздеуге жарияланған.
Бағдарламада марқұмның жұбайы Александр Донцовқа да ерекше назар аударылған. Авторлардың айтуынша, ол әйелінің жоғалғаны туралы полицияға арыз бермеген. Сондай-ақ тергеу материалдарында оның қызына Ресей азаматтығын рәсімдеуге әрекет жасағаны туралы мәліметтер келтірілген.
Бірнеше айдан кейін Александр Донцов қызымен бірге Германиядан кеткен. Кейін оған қатысты Қазақстанда да процессуалдық шаралар басталғанымен, оның құқықтық мәртебесі әр елде әртүрлі қарастырылып отыр.
Ксения Собчактың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта Александр және Наталья Донцовтар Ресей аумағында тұрып жатыр.
Журналистің айтуынша, тергеу қылмысқа марқұмның жақын ортасындағы адамдардың қатысы болуы мүмкін деген нұсқаны қарастыруда. Алайда күдіктілердің Германия аумағынан тыс жерде болуы істі күрделендіріп отыр.
Зерттеу авторларының пікірінше, іс бірнеше елдің құқықтық жүйесіне тәуелді болып қалған. Германия тергеуді жалғастырып жатқанымен, күдіктілердің қолжетімсіз болуы сот процесін бастауға мүмкіндік бермей отыр.
Материал авторы