486

41 градусқа дейін ыстық, бұршақ пен дауыл: елде ауа райы күрт өзгереді

Қазақстанның бірқатар өңіріне дауылды ескерту жарияланды.

41 градусқа дейін ыстық, бұршақ пен дауыл: елде ауа райы күрт өзгереді
AlesVeluscek/Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Қазгидромет» 9 маусымға арналған кең ауқымды дауылды ескерту жариялап, Қазақстанның басым бөлігінде қауіпті метеорологиялық құбылыстар болатынын хабарлады.

Синоптиктердің болжамынша, Алматы облысының солтүстігі мен орталығында күндіз ауа температурасы 41 градусқа дейін көтеріліп, өте қатты ыстық болады. Өңірдің тау бөктері мен таулы аудандарында найзағайлы жаңбыр күтіледі. Қонаевта да күн 36 градусқа дейін ысиды.

Түркістан облысында өткінші жаңбыр, найзағай, шаңды дауыл және секундына 15-20 метрге дейін жететін жел болжануда. Шымкент пен Түркістан қалаларында да қолайсыз ауа райы сақталады. Облыстың бірқатар аумағында жоғары және төтенше өрт қаупі жалғасады.

Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында жаңбыр, найзағай, кей жерлерде қатты нөсер, бұршақ пен дауыл күтіледі. Кей өңірлерде тұман түсіп, желдің екпіні 20-28 метрге дейін жетуі мүмкін.

Астанада 9 маусымда жаңбыр мен найзағай болжанып отыр. Күндіз бұршақ жауып, шаңды дауыл соғуы мүмкін. Желдің жылдамдығы кей уақытта секундына 23 метрге дейін күшейеді.

Қарағанды, Павлодар, Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында да жаңбырлы әрі желді ауа райы күтіледі. Кей аудандарда найзағай ойнап, бұршақ жаууы ықтимал.

Маңғыстау облысының жекелеген аудандарында аздаған жаңбыр мен найзағай болжанса, Ақтауда түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі мүмкін.

Сонымен қатар Жетісу, Абай, Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында күндізгі ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық сақталады.

Синоптиктердің мәліметінше, жоғары температураның әсерінен Абай, Алматы, Жетісу, Қызылорда, Павлодар, Қарағанды және бірқатар өзге өңірлерде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр.

Бұған қоса, бұған дейін жарияланған дауылды ескертуге сәйкес, 7-12 маусым аралығында Абай облысында күндізгі ауа температурасы 30-37 градус аралығында болып, аптап ыстық жалғасады. Мамандар өңір тұрғындарын өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

 

Материал авторы