Ақтөбелік мүгедек ер адамды қызының көзінше ұрып құлатқан
Соққыдан соң ер адам жансақтауға түсті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде автотұраққа байланысты туған жанжал ауыр зардаппен аяқталды. Оқиға 8 маусым күні кешкі сағат 19:00 шамасында 12-ықшамаудандағы №30 үйдің маңында болған.
КТК телеарнасының мәліметінше, екі жүргізуші арасында туындаған кикілжің кезінде олардың бірі қарсыласына соққы жасаған. Салдарынан ер адам жерге құлап, басынан ауыр жарақат алған. Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктінің спорт саласына қатысы болуы мүмкін.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.
«36 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – деп мәлімдеді полиция.
Зардап шеккен азаматтың әпкесі әлеуметтік желіде оның қазір жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатқанын жазды.
Туысының айтуынша, жанжал ер адамның ауладан шығу үшін белгі беруінен басталған. Себебі басқа жүргізуші көлігімен жолды жауып тұрған.
Әпкесінің сөзінше, бұдан кейін екінші жүргізуші дөрекі сөйлеп, оны әңгімелесуге шақырған. Сондай-ақ зардап шеккен азаматтың III топтағы мүгедек екені және күдіктіден 10 жас үлкен екені айтылды.
Туыстарының мәліметінше, оқиға ер адамның қызының көз алдында болған.
«Соққы аяқ астынан жасалды. Ағам қорғану үшін қолын тек соққыдан кейін ғана көтерді», – деп жазды ол.
Оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр. Көпшілік қарапайым тұрмыстық даудың осындай ауыр салдарға әкелгеніне алаңдаушылық білдіріп, мұндай әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейту қажет екенін айтуда.
Қатысушылардың іс-әрекетіне құқықтық бағаны тергеу қорытындысы бойынша құқық қорғау органдары береді.
Материал авторы