Астанада «ашық дәретханадағы» видео үшін екі блогер қамауға алынды (ВИДЕО)
Қаралым жинамақ болған блогерлердің әрекеті қамаумен аяқталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада әлеуметтік желі үшін қоғамдық дәретханада даулы видео түсірген екі блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот олардың әрекетін ұсақ бұзақылық ретінде бағалап, бес тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Іс Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында қаралды. Сот материалдарына сәйкес, жастар футуристік үлгідегі қоғамдық дәретхана ішінде түсірілген видеоны TikTok желісіне жариялаған.
Тергеу барысында олардың әйнекті автоматты түрде күңгірттендіретін құпиялық жүйесін әдейі қоспағаны анықталған. Бұдан бөлек, олар дәретхананы пайдаланып жатқандай әрекет көрсетіп, мұны айналадағы адамдарға әдейі көрсеткен. Сондай-ақ қоғамдық орында бейәдеп сөздер айтылып, қоғамдық тәртіп бұзылған.
Сот мәліметінше, құқық бұзушылық жасаған азаматтар кінәсін толық мойындаған. Іс материалдарында олардың түсініктемелерімен қатар оқиға орнынан алынған бейнежазба, полиция инспекторының рапорты және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама болған.
Соттың пікірінше, видеоның интернетте кең таралуы қоғамда жағымсыз пікір қалыптастырып, қоғамдық инфрақұрылым нысанының беделіне нұқсан келтірген. Сонымен қатар бұл жағдай аталған нысанның жұмысын қамтамасыз ететін жергілікті атқарушы органдардың беделіне де әсер еткен.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылған екі азаматқа бес тәулік мерзімге әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Сот жаза белгілеу кезінде құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік деңгейін, оның қасақана әрі топ болып жасалғанын ескерген.
Материал авторы