460

Ақтөбеде танысудан бас тартқан қызды ұрған жігіт сотталды

Қызбен таныса алмаған жігіт ашуға беріліп, оған көпшілік алдында ұрған.

Ақтөбеде танысудан бас тартқан қызды ұрған жігіт сотталды
pexels.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде қызбен танысу әрекеті жанжалға ұласып, жас жігіт сот алдында жауап берді. Ол танысудан бас тартқан қызға қол көтергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Оқиға түнгі клубтардың бірінің маңында болған. Тергеу материалдарына сәйкес, 20 жастағы жігіт қызбен танысуға әрекет жасаған. Алайда қыз оның ұсынысын қабылдамай, сөйлесуден бас тартқан.

Осыдан кейін жігіт жанжал шығарып, жәбірленушінің бетінен екі рет соққы жасаған. Соққы салдарынан қыз тепе-теңдігін жоғалтып, қоршаудан құлап кеткен.

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындамаған. Соған қарамастан оның әрекеті жәбірленушінің және куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, сондай-ақ заттай дәлелдемелермен толық расталған.

Сот ер адамның қоғамдық орында жасаған әрекетін бұзақылық ретінде бағалап, қылмыстық жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар жәбірленушінің пайдасына 500 мың теңге көлемінде моральдық шығын өндіру туралы шешім шығарылды.

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Жансая Тайырованың айтуынша, сот айыпталушының жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайларды анықтамаған.

«Сот айыпталушының мас күйде қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын жауапкершілікті ауырлататын жағдай ретінде таныды. Нәтижесінде ол кінәлі деп танылып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді», – деді сот өкілі.

Осылайша, таныстықтан басталған дау қылмыстық іске ұласып, жас жігіт сот үкімімен жазаланды. 

Материал авторы