702

«Анамыз қайда?»: Арыстағы жол апатынан кейін жетім қалған балалар анасын сұрап жүр

Көлік жүргізген мас әйел 4 адамның өмірін қиған еді.

«Анамыз қайда?»: Арыстағы жол апатынан кейін жетім қалған балалар анасын сұрап жүр
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысының Арыс қаласында болған қайғылы жол апатынан кейін дәрігерлер бір жарым жастағы баланың өмірі үшін күресті жалғастырып жатыр. Бұған дейінгі оқиғада жүкті әйел мен екі бала қаза тапқан болатын. Бұл туралы Otyrar.kz жазды. 

Апат салдарынан барлығы төрт адам көз жұмды, тағы екі адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Көлік тізгінінде мас күйде болған әйел отырғаны анықталған.

Оқиға жоғары жылдамдықпен келе жатқан көліктің жеке үйдің қоршауын бұзып кіріп, кейін аулада отырған адамдарға соғылуынан болған. Соққыдан бірнеше адам оқиға орнында қаза тапқан.

Қайтыс болған әйелдің туысы Ғани Айдаров оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Оның сөзінше, сол сәтте аулада бірнеше отбасы мүшесі отырған.

«Бұл жерде екі келініміз – туысым мен көршіміз сөйлесіп отырған. Қастарында үлкен кісіміз де болды. Балалары шақырған кезде орнынан тұра берген сәтте көлік келіп соқты. Иығы сынған. Біз бір ұлымыз бен келінімізден айырылдық. Көршіміздің бес жасар қызы да қаза болды. Кішкентай баланы көліктің соққысынан кейін топырақ астынан тауып алдық», – деді ол.

Қайтыс болған әйелдің артында үш бала қалды. Олар болған қайғылы жағдайдың куәгері болған.

Марқұмның енесі Ағайша Манатова балалардың жағдайын айтып, олардың күн сайын анасын сұрайтынын жеткізді.

«Күнде балалар “анамыз қайда?” деп сұрайды. Ол сөздер жүректі жаралайды. Оларға не деп жауап берерімді білмеймін. Енді тек амандығын тілеп, бақытты болып өссе екен деп дұға етемін», – деді ол.

Апаттан зардап шеккен екі адам Арыс аудандық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер 30 жастағы әйелдің жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Ал бір жарым жастағы бала өте ауыр хәлде облыстық балалар ауруханасына ауыстырылған.

Мамандардың мәліметінше, бала ми шайқалуын, кеуде қуысының бірнеше жабық сынығын және сан сүйегінің сынуын алған.

Түркістан облыстық полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор