«6 жылдан бері араласады»: Мұхтар Жәкішев шетелдік күйеу балаға қатысты сынға жауап берді
Жәкішев күйеу баласының адами қасиеттеріне сенетінін және қызын шын жақсы көретінін айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мұхтар Жәкішев қызы Алтынайдың ұзатылуына қатысты желіде айтылған пікірлерге жауап беріп, отбасылық қуанышын бөлісті. Оның айтуынша, ең бастысы – қыздың жеке бақыты және дұрыс таңдау жасауы.
Экс-шенеуніктің сөзінше, Алтынай алты жылдан бері Карл есімді шетелдік азаматпен қарым-қатынаста болған. Күйеу жігіт екі жыл бұрын арнайы келіп, Жәкішевтен батасын алған.
«5 маусым күні қызым Алтынайдың ұзату тойы өтті. Бұл – әрбір әке үшін ерекше әрі толқынысқа толы күн. Мен Алтынай үшін шексіз бақыттымын. Оның таңдауы кездейсоқ емес. Карл екеуі алты жылдан бері бірге. Ол екі жыл бұрын келіп, менен батасын алған. Оның адамгершілігіне, еңбекқорлығына және жауапкершілігіне сенемін. Ең бастысы – қызымды шын жақсы көреді», – деді ол.
Жәкішев бұл күннің өз өмірінде ерекше мәні бар екенін де атап өтті. Оның айтуынша, үлкен қызы тұрмысқа шыққан кезде ол түрмеде болғандықтан, отбасылық қуанышты толық сезіне алмаған.
«Бұл жолы қызымды өз қолыммен ұзатып, ақ тілегімді айту бақыты бұйырды. Ал үлкен қызым тұрмысқа шыққанда мен түрмеде болдым, тек хат арқылы ғана тілегімді жолдай алдым. Алтынай ол кезде 9 жаста еді, менсіз өсті», – деді ол.
Ол сондай-ақ қызының өмір жолын ерекше мақтанышпен атап өтті. Қиындықтарға қарамастан, Алтынай білім алып, кәсіби журналист әрі модель ретінде қалыптасқан.
Сонымен қатар Жәкішев қоғамда айтылған күйеу баланың ұлтына қатысты сындарға да тоқталды. Оның айтуынша, адамды ұлтына қарап емес, жеке болмысына қарап бағалау қажет.
«Ұлттың жаманы болмайды, жаман адамдар болады. Мен үшін ең маңыздысы – қызымның бақыты. Карлдың отбасы жақсы әсер қалдырды. Олардың сыйластығы мен қамқорлығына ризамын», – деді ол.
Айта кетейік, Алтынай Жәкішеваның некесі Лондонда өткен. Оның жұбайы Карл Оби Манчестер университетін тәмамдап, инвестициялық салада қызмет етеді.
Материал авторы