1474

Министрлікпен болған даудан соң Михаил Шайдоров АҚШ-қа кетті

Спортшы әлеуметтік желіде АҚШ-тан сурет жариялап, алдағы айдың қарбалас болатынын айтты.

Министрлікпен болған даудан соң Михаил Шайдоров АҚШ-қа кетті
instagram.com/mikhail_shaidorov

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров АҚШ-қа барып, жаңа олимпиадалық циклге дайындықты бастады.

Спортшы Instagram парақшасында Калифорния штатындағы ірі мұз ареналарының бірі саналатын Great Park Ice кешенінің алдында түскен суретін жариялады.

«Қарбаласқа толы айды асыға күтіп жүрмін», – деп жазды Шайдоров.

Бүгін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов спортшымен жасалған келісімшартқа қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, құжатта 2030 жылғы Олимпиада ойындарында жүлде алу міндеттемесі сақталған.

Министрдің сөзінше, мұндай талаптар Олимпиада спортшыларына ғана емес, басқа деңгейдегі атлеттермен жасалатын келісімшарттарда да қарастырылады.

«Михаил Шайдоровтың командасы АҚШ-та дайындалып жатыр. Алдағы екі айда оқу-жаттығу жиыны өтеді. Бұл келісімшарт спортшыны қандай да бір қаржыны қайтаруға міндеттемейді», – деді министр.

Осылайша, қазақстандық спортшы жаңа олимпиадалық цикл алдындағы маңызды дайындық кезеңін АҚШ-та өткізіп, алдағы халықаралық жарыстарға әзірлігін пысықтамақ.

Материал авторы