599

Астанада қарсы жолаққа шығып, екі адамның өліміне себеп болған жүргізуші сотталды

Айыпталушы кінәсін толық мойындап, марқұмдардың туыстарына келтірілген шығынды өтеген.

Астанада қарсы жолаққа шығып, екі адамның өліміне себеп болған жүргізуші сотталды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша үкім шығарды. Бұл туралы Zakon.kz  жазды. 

Қайғылы апат 2026 жылдың қаңтар айында болған. Сот материалдарына сәйкес, жүргізуші Сарайшық көпірімен Түркістан көшесі жағынан Бауыржан Момышұлы даңғылына қарай бағыт алып келе жатқан. Алайда ол жолдың қозғалыс қарқыны жоғары учаске екенін ескермей, жылдамдықты төмендетпеген және жол жағдайын дұрыс бағалай алмаған.

Салдарынан көлік жүргізушісі басқаруды жоғалтып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Кейін ол қарсы бағытта келе жатқан көлікпен соқтығысқан.

Апат нәтижесінде М. және А. есімді жолаушылар абайсызда алған жарақаттарынан көз жұмған.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындаған.

Сот мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша мұндай қылмыс үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және жеті жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.

Істі қарау барысында сот айыпталушының кінәсін толық мойындауын, жасаған ісіне шын өкінуін және жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды толық өтеуін жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде бағалады. Ауырлататын жағдайлар анықталмаған.

Сонымен қатар сотталушы қаза тапқандардың туыстары көтерген барлық шығынды өтеп, олардың кешіріміне ие болған.

Осы жайттарды ескерген сот жүргізушіні кінәлі деп танып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұдан бөлек, ол 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, 2026 жылғы 28 қаңтарда Сарайшық көпірінде Toyota жүргізушісі басқаруды жоғалтып, қарсы жолаққа шығып кеткені хабарланған еді. Салдарынан Toyota көлігі Lada және Skoda автокөліктерімен соқтығысқан. Апаттың салдары түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде кең тараған болатын.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор