570

Аптап ыстық пен бұршақ: елдің бірқатар аймағында ауа райы күрт өзгереді

Қазақстанның 16 өңірінде дауылды ескерту жарияланды.

Аптап ыстық пен бұршақ: елдің бірқатар аймағында ауа райы күрт өзгереді
Cara Denison / pexels.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Қазгидромет» еліміздің көптеген өңіріне 10 маусымға арналған дауылды ескерту жариялады. Синоптиктердің болжамынша, кей аймақтарда қатты ыстық сақталса, енді бір өңірлерде жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл және екпінді жел күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.

Метеорологтардың мәліметінше, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Астана қаласында жаңбыр мен найзағай болжанып отыр. Кей өңірлерде бұршақ жауып, желдің екпіні секундына 20-28 метрге дейін күшеюі мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысында ауа райы күрт құбылып, қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл күтіледі. Петропавлда желдің екпіні күндіз 25 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.

Ақмола облысы мен Астанада да найзағайлы жаңбыр, бұршақ және қатты жел болжанып отыр. Елордада желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.

Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарының кей аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай болады. Сонымен қатар бұл өңірлерде желдің екпіні 15-23 м/с аралығында күшейеді деп күтілуде.

Қонаев қаласында күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтерілсе, Жетісу облысының кей бөліктерінде 35-36 градус ыстық сақталады.

Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында аптап ыстық жалғасады. Синоптиктер бұл өңірлерде күндіз ауа температурасы 35-38 градусқа дейін жететінін ескертті. Осыған байланысты жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр.

Павлодар облысында да 35 градус ыстық болады. Мұнда найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі.

Маңғыстау облысында түнгі және таңғы уақытта тұман түседі. Ақтау қаласында да көріну қашықтығының төмендеуі мүмкін.

Қызылорда облысында шаңды дауыл болжанса, Түркістан облысының солтүстігінде де шаңды дауыл күтіледі.

Мамандар тұрғындарды ауа райының қолайсыз құбылыстары кезінде сақтық шараларын сақтауға, ал жоғары өрт қаупі жарияланған өңірлерде отты абайлап пайдалануға шақырды. 

Материал авторы