1331

Қазақ қызы Мадоннаның жаңа фильміне түсті

Голливуд фильмдерінен бой көрсетіп жүрген София тағы бір жобаға түсті.

Қазақ қызы Мадоннаның жаңа фильміне түсті
instagram.com/madonna / instagram.com/sofi_mkshva

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, биші София Мұқашева әлемге әйгілі америкалық әнші Madonna қолға алған жаңа халықаралық жобаға қатысты.

Өнер иесі поп-музыка жұлдызының Confession II – The Film атты музыкалық қысқаметражды фильмінде бой көрсеткен. Жаңа туынды жарыққа шыққаннан кейін Мадоннаның жанкүйерлері арасында қызу талқылана бастады.

София Мұқашева түсірілім барысындағы әсерлерін әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, жобаға қатысу өз өміріндегі ең ерекше тәжірибелердің бірі болғанын айтты.

«Керемет талантты командамен жұмыс істеп, ұмытылмас уақыт өткіздім. Бізге қамқорлық танытқан барлық адамға алғысымды білдіремін», – деп жазды биші.

Ол сондай-ақ жобаның хореографтарына ерекше ризашылығын білдіріп, түсірілімнің ең жарқын сәттерінің бірі әуедегі трюктер болғанын атап өтті.

«Біз әуеде де ұштық. Қазір бұл менің әлемдегі ең сүйікті ісіме айналғандай», – деді София Мұқашева.

Айта кетейік, бұған дейін де қазақстандық өнерпаздардың әлемдік шоу-бизнес жобаларына қатысуы жиілеп келеді. София Мұқашеваның Мадонна түсірген фильмге шақырылуы — отандық шығармашылық өкілдерінің халықаралық деңгейде мойындала бастағанының тағы бір дәлелі.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор