Астанада 56 жастағы белгісіз ер адам кішкентай баланы ұрлап әкетпек болды (ВИДЕО)
Баланы өтіп бара жатқан адамдар құтқарып қалды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада кәмелетке толмаған баланы күштеп алып кетуге әрекет жасады деген күдікпен ер адам ұсталды. Оқиғаға қатысты тексеру басталды.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға 5 маусым күні елорданың Алматы ауданында, №13 мектептің маңында болған. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба интернетте кеңінен тарады.
Жазба авторының мәліметінше, күдікті шамамен 9-11 жастағы баланы ұстап алып, ескі дөңгелектер жатқан қараусыз аулаға қарай күштеп сүйреп әкетуге тырысқан. Сол сәтте өтіп бара жатқан адамдар жағдайды байқап қалып, балаға араша түскен. Кейін олар полиция шақырған.
Оқиғаға қатысты Астана қалалық полиция департаменті түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, аталған дерек бойынша 56 жастағы ер адам ұсталған.
«Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажетті процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ полиция баланың заңды өкілі арыз жазудан бас тартқанын мәлімдеді. Соған қарамастан, тексеру нәтижесінде ер адамның әрекетіне заң аясында құқықтық баға берілетін болады.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Материал авторы