Банктер халыққа несие беруді қысқартып жатыр
Ұлттық банк соңғы жылдары тұтынушылық несиенің шамадан тыс өсуін шектеу үшін бірқатар қатаң шаралар қабылдағанын мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстандағы кредит нарығында соңғы жылдары айтарлықтай өзгеріс байқалады. Қаржы реттеушілерінің енгізген шектеу шараларынан кейін тұтынушылық несиелердің өсу қарқыны бәсеңдеген, ал бизнеске берілетін кредиттер керісінше жоғары қарқынмен өсіп отыр.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, соңғы үш-төрт жыл бойы халыққа берілетін несиелер жыл сайын шамамен 30 пайызға дейін өсіп келген. Осыған байланысты Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, тұтынушылық несиенің шамадан тыс өсуін тежеуге бағытталған бірқатар шаралар қабылдаған.
«Біз тұтынушылық несиелеудің артық қарқынмен өсуін шектеуге қатысты бірқатар шара қабылдадық. Соның ішінде халыққа берілетін несиелер бойынша секторлық контрциклдік капитал буферін енгіздік», – деді Сүлейменов.
Сонымен қатар тұтынушылық несиелердің мерзіміне қатысты талаптар да қатаңдатылған. Бұған дейін банктер мұндай қарыздарды 5, 7, тіпті 9 жылға дейін ұзақ мерзімге рәсімдей алатын, бұл ай сайынғы төлемді азайтып, кейбір шектеулерді айналып өтуге мүмкіндік берген.
Бұдан бөлек, салықтық саясат та өзгертілді. Енді халыққа берілген несиелерден түсетін банктердің табысына 25 пайыз салық салынады. Ал бизнеске берілетін несиелер бойынша корпоративтік табыс салығы 20 пайыз деңгейінде сақталып отыр.
«Осылайша, банктер үшін бизнеске несие беруді көбірек ынталандыратын жағдай қалыптасты», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның айтуынша, қабылданған шаралар қазірдің өзінде нәтижесін бере бастаған. Тұтынушылық несиелердің өсу қарқыны шамамен 10 пайызға дейін төмендеген. Ал бизнеске берілетін кредиттер шамамен 18 пайыз деңгейінде тұрақты өсімді сақтап отыр.
Материал авторы