«192 млрд тиімсіз жұмсалып жатыр»: Депутат мектептердегі тамақтандыру жұмысын қатаң сынады
Мәжілісте жүйедегі қайшылық ашық айтылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда мектептегі тамақтандыру жүйесіне бөлінетін 192 млрд теңге тиімді жұмсалмай отыр. Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров бұл саланы сынға алып, мектеп асханаларында «тәрелкелер бос» қалып отырғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, мемлекет жыл сайын оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге ірі көлемде қаражат бөледі. Алайда іс жүзінде бұл жүйе жергілікті бюджеттерде жасанды үнем қалыптастыратын тетікке айналып кеткен.
Депутат көтерген негізгі мәселе – салық есебі мен нақты жағдай арасындағы алшақтық. Жергілікті атқарушы органдар тамақтандыру құнын есептеген кезде барлық қызметке қосылған құн салығын (ҚҚС) толық көлемде қосады. Бірақ нақты жеткізушілердің тек 10 пайызы ғана ҚҚС төлеуші болып табылады. Соның салдарынан бюджетте үлкен айырмашылық пайда болып, балалардың тамағына арналған қаражат «үнем» ретінде есепте қалып қояды.
Қожаназаровтың пікірінше, жағдайдың күрделілігі мемлекеттік саясаттағы қайшылықтан туындап отыр: бір жағынан мектеп ас мәзіріне қойылатын талап күшейіп, сапа арттырылуда, екінші жағынан тарифтер өзгеріссіз қалған.
«Бизнеске «балаларды жақсырақ тамақтандырыңдар, бірақ бұрынғы ақшаға» дейді. Ал жүйеде қалған шамамен 12 пайыз қаражат, яғни қосылған құн салығы түріндегі артық сома айналымда «ілініп» тұрып қалады», – деді депутат.
Материал авторы