686

Алматыда депутаттың ұлы өзін аңдыған ер адам туралы мәлімдеді

Полиция келгеннен кейін күдіктінің мінез-құлқы күрт өзгерген.

Алматыда депутаттың ұлы өзін аңдыған ер адам туралы мәлімдеді
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, депутат Сергей Пономаревтің ұлы, блогер Глеб Пономарев Алматы қаласының орталығында өзін белгісіз ер адамның аңдығанын мәлімдеді. Бұл туралы NewTimes.kz басылымы жазды.

Блогер Instagram желісінде жариялаған видеода оқиғаның қала орталығында болғанын баяндаған. Оның айтуынша, кешкі уақытта Назарбаев көшесі мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысында белгісіз ер адам оған тым жақын келіп, артынан ілескен.

Глеб Пономаревтің сөзінше, камуфляж түсті жейде киіп, құлаққап таққан ер адам оған жақындап, кейін шамамен 50 метр бойы соңынан жүрген.

Сондай-ақ ол түсініксіз сөздер айтып, «Сен кімге қызмет етесің?» және «Мен Қазақстан Республикасының азаматымын» деген секілді тіркестерді қайталаған.

Бастапқыда блогер жанжалдан қашып, кетіп қалмақ болған. Алайда кейін әлгі адамның көшеде кетіп бара жатқан қыздар мен жасөспірімдерге де назар аударып жүргенін байқап, полиция шақырған.

Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері келген.

Блогердің айтуынша, тәртіп сақшыларын көргеннен кейін ер адамның әрекеті күрт өзгерген. Кейін бөлімшеде ол бірнеше рет Глебтің есімін атап, арыз жазбауды өтінген.

Пономаревтің сөзінше, ұсталған азамат өзін эмоциялық тұрғыдан тұрақсыз ұстап, жерге жатып айқайлаған. Сонымен қатар полицейлерден көмек сұрап, өзін видеоға түсіруге наразылық білдірген.

Оқиғадан кейін әлеуметтік желідегі кейбір қолданушылар ер адамды танығандарын айтып, оның Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқытушы болуы мүмкін екенін жазған. Кейбір студенттер мұндай көріністі көрудің өзі қорқынышты екенін жеткізген.

Ал Тұран университеті аталған бейнежазбадағы адамның олардың қызметкері екенін растауға негіз жоқ екенін мәлімдеді. Университет өкілдерінің айтуынша, видеода адамның жүзі анық көрінбейтіндіктен оның жеке басын нақты анықтау мүмкін емес.

Алматы қалалық полиция департаменті оқиғаның 8 маусым күні түнгі клубтар мен барлар орналасқан аумақта болғанын хабарлады.

Ведомство мәліметіне сәйкес, ер адам мас күйде көшедегі адамдарға тиісіп, қоғамдық орында балағат сөздер айтқан. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сот қарауына жолданған.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор