Бүгін өңірлерде жаңбыр, бұршақ пен аптап ыстық күтіледі
Қазақстанның 17 өңірінде дауылды ескерту жарияланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның басым бөлігінде 11 маусымға дауылды ескерту жарияланды. Бірқатар өңірде жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл күтілсе, кей аймақтарда аптап ыстық пен жоғары өрт қаупі сақталады. Бұл туралы «Қазгидромет» мәлімдеді.
Синоптиктердің болжамынша, Ұлытау, Қарағанды, Алматы, Жетісу, Ақтөбе, Павлодар, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Атырау, Түркістан, Жамбыл, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында әртүрлі деңгейдегі қолайсыз ауа райы құбылыстары тіркеледі.
Алматы және Жетісу облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін. Кей жерлерде желдің екпіні секундына 20-28 метрге дейін күшейеді.
Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында найзағаймен қатар бұршақ пен дауыл күтіледі. Кей өңірлерде тұман түсіп, желдің жылдамдығы 25 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.
Астана қаласында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні 15-20 м/с болады. Сонымен қатар елордада жоғары өрт қаупі сақталып отыр.
Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында ауа температурасы күндіз 35 градусқа дейін көтеріледі. Бұл өңірлерде жоғары және төтенше өрт қаупі жарияланған.
Сондай-ақ Қазгидромет бұған дейін жарияланған дауылды ескертуді қайталап, 12 маусымға дейін Абай, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында 30-37 градусқа дейінгі ыстық сақталатынын хабарлады. Жоғары температура салдарынан бұл аймақтарда өрт қаупі өте жоғары деңгейде болады.
Мамандар тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын күшейтуге шақырды.
Материал авторы