Павлодар облысында адам өлімімен аяқталған қылмыс төрт жылдан кейін ашылды
Күдікті марқұмның танысы болып шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар облысында төрт жыл бұрын жасалған адам өліміне қатысты қылмыс ашылды. Ішкі істер министрлігі «өткен жылдардың қылмыстары» санатына жататын істерді тергеу жұмыстарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Polisia.kz порталы жазды.
Ведомство мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері денсаулыққа ауыр зиян келтіру дерегі бойынша 17 қылмыс ашылған. Оның төртеуінде жәбірленушілер көз жұмған.
Солардың бірі Павлодар облысында тіркелген. 2022 жылдың қыркүйегінде Шарбақты ауылындағы жеке үйлердің бірінен жергілікті тұрғынның денесі табылған. Марқұмның денесінде көптеген жарақат болғанымен, қылмысты сол кезде «ізін суытпай» ашу мүмкін болмаған.
Арада төрт жыл өткен соң полицейлер қосымша жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, жәбірленушінің байланыс ортасын мұқият тексеру нәтижесінде күдіктінің кім екенін анықтады. Ол марқұмның танысы болып шыққан.
Тергеу деректеріне сәйкес, оқиға болған күні екі ер адам бірге ішімдік ішкен. Кейін араларында жанжал туындап, күдікті танысын соққыға жыққан. Салдарынан жәбірленуші алған жарақаттарынан көз жұмған.
Биыл 9 ақпанда күдікті өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ал наурыз айында Павлодар облысы Шарбақты аудандық сотының үкімімен ол кінәлі деп танылып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.
Материал авторы