Айгүл Сайлыбаеваның күдікті күйеуі Мәскеуде студенттерге сабақ беріп жүр
Ресейлік әйел марқұм Айгүл Сайлыбаеваның ісіндегі күдіктіні жұмыстан шығаруды талап етті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты іс бойынша басты күдікті саналатын Александр Донцовты жұмыстан шығару талабы көтерілді. Бұл туралы NewTimes.kz агенттігі жазды.
Басылым мәліметінше, Ресей азаматшасы Мәскеудегі Ұлттық зерттеу университеті – Жоғары экономика мектебіне (НИУ ВШЭ) ресми шағым жолдаған. Ол оқу орнының ғылыми қызметкері болып тіркелген Александр Донцовты қызметінен босатуды талап еткен.
Өтініш авторы университет құрамында осындай ауыр қылмысқа күдікті адамның болуы студенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігіне қатер төндіретінін мәлімдеген.

Шағым мәтінінде тергеу материалдарына сәйкес Айгүл Сайлыбаеваны өлтіру және азаптау ісіндегі негізгі күдікті оның жұбайы Александр Донцов екені көрсетілген. Автордың пікірінше, мұндай адамның университет құндылықтарына қайшы келетін ортада жұмыс істеуі орынсыз.
Әлеуметтік желі қолданушылары да бұл мәселеге қатысты пікір білдірген. Кейбірі оқу орнының басшылығы жағдайдан бұрыннан хабардар екенін, алайда нақты шара қабылданбағанын жазған. Басқалары қоғамдағы резонанс күшейіп, кінәлілер жауапқа тартылады деген үміт білдірген.
Айгүл Сайлыбаеваның өлімі Ресейде ғана емес, халықаралық деңгейде де үлкен қоғамдық назар аудартқан. Қазақстанда судья болып қызмет атқарған әйел Германиядағы Эрлахе көлі маңынан өлі күйінде табылған. Қайғылы оқиға кезінде ол жүктіліктің 24-аптасында болған.
Тергеу мәліметтері бойынша, сарапшылар марқұмның денесінен көптеген пышақ жарақатын анықтаған. Құқық қорғау органдары қылмыс аса қатыгездікпен жасалған деп есептейді.
Айгүл Сайлыбаева 2024 жылғы 5 маусымда жоғалып кеткен. Соңғы рет оны 3 маусым күні көрген. Келесі күні Наталья Донцова қызы Жаклинді балабақшадан алып кеткен. Кейін сол арбадан Айгүлдің қанға боялған күртесі табылған.
Тергеушілердің мәліметінше, 4 маусымға қараған түні Александр Донцов Германияның Қылмыстық кодексіндегі кісі өлтіру және қылмысты жасыруға қатысты баптарды зерттеген. Сондай-ақ құқық қорғаушылар Наталья Донцованың Эрлахе көлі маңына барғанын анықтаған. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл мәйітті жасыру орны алдын ала дайындалған болуы мүмкін.
Бұдан бөлек, 16 маусым күні Александр Донцовтың ұялы телефонының сигналы Эрлахе көлі ауданында тіркелген. Айгүл Сайлыбаева мен оның қызының құжаттары күдіктінің әжесінің пәтерінен табылған. Марқұмның төлқұжаты болса тек екінші тінту барысында ғана анықталған.
Материал авторы